Мемлекет басшысы мен Үкімет қолдауының нәтижесінде облыста құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көрсеткіші 235 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 117,6%-ға орындалған. Аталған саладағы жаңалықтарды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтып берді.

Басқарма басшысының айтуынша, осы жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 766,7 мың шаршы метрге жетіп, көрсеткіш 110 пайыз болған. Ал жыл соңына дейін 870 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

– Биыл салаға 166,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға облыс көлемінде 96 жобаның құрылысын жүргізу және 2980 пәтер сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ «Келешек мектеп­тері» ұлттық жобасымен барлығы 6900 орындық 10 мектептің құрылысы жүріп, ел игілігіне табысталды. Бұған қоса білім саласында сол жағалаудағы физика-математикалық мектеп құрылысы, музыкалық колледж, Сұлтан Бейбарыс пен Назарбаев көшесі қиылысындағы Шығармашылық инно­вациялық орталығының және Шиелі ауда­нынан 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» құрылысы аяқ­талғаны белгілі.  Арал ауданы Жалаңаш ауы­лынан 150 орындық мектеп құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын болады, – дейді Е.Төрәлиев.

Қазір Сырдария өзенінің сол жағалауында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік онкологиялық бөлімше мен көпбейінді аурухана құрылысы жүруде. Арал және Қазалы аудандарында орталық ауруханаларды реконструкциялау мен Қам­қорлық орталығына бейімдеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар, Шиелі мен Жаңақорған ауданында орталық аурухана реконструкцияланып, Шиелі кен­тіндегі инфек­циялық аурухана пайдалануға берілді.

– Сол жағалаудағы Тарихи өлкетану мұра­жайы мен Арал, Қазалы және Сыр­дария аудандарындағы «Руханият» орталық­тары биыл мамыр айында қабылданса, «Достық үйі­нің» құрылысы жыл соңына дейін бітеді. Облыс әкімінің тапсырмасымен өткен жылы ста­дион құрылысы басталған болатын. 11 мың орындық стадион қазан айында мер­зімінен бұрын аяқталды. Облыстық бюд­жеттен «Қызылорда Арена» спорт кешені және «Қазақстан халқына» қорымен келісім не­гізінде сол жағалаудағы спорт кешенінің құры­лысы жүріп жатыр, – дейді басқарма басшысы.

Аймақта тұрғын үй құрылысына және сатып алуға 58 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұған өткен жылдан өтпелі Байқоңыр қаласындағы 250 пәтерді құрайтын 5 тұрғын үйдің, Сырдария өзенінің сол жағалауында 400 пәтерді құрай­тын 10 кредиттік тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Сонымен бірге, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 2292 пәтер және 688 кредиттік тұрғын үй сатып алынбақ.

– «Сақалды құрылыс» бойынша осы жылға дейін құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік маңызды 5 нысан бар болатын. Облыс әкімінің тапсырмасымен құрылысы ұзаққа созылған барлық нысандар шешімін тауып, пайдалануға қабылданды. Бүгінгі күні біздің басқарманың тікелей тапсырысында құрылысы ұзаққа созылған нысандар жоқ, – деп мәлімдеді брифингте Е.Төрәлиев.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *