Қазалы ауданы: Жас ұрпақтың қауіпсіздігі жалпыға ортақ
Қазалы ауданында жергілікті прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен Президент Жолдауында айтылған қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов қоғамдық тәртіпті сақтау саласындағы талаптар күшейіп, халықтың құқықтық мәдениеті мен құқық қорғау жүйесіне сенімі артқанын атап өтті.
– Президент Әкімшілігінің бастамасымен елімізде халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Заң мен тәртіп» идеологиясы қағидатымен 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітіліп, жүзеге асырылуда. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты – осы идеологияны іске асырудың өзекті мәселелерін талқылау, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру жолдарын айқындау. Қоғам алдындағы жоғары жауапкершілік жүктелген мемлекеттік орган ретінде аудандық прокуратура заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті нығайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдап келеді. «Заң мен тәртіп» идеологиясы – бұл тек қағидаттар жиынтығы ғана емес, прокуратура қызметінің мазмұнын айқындайтын, біздің кәсіби міндеттеріміздің сапалы орындалуын талап ететін стратегиялық бағдар, – деді Дәурен Тілеуімбетов.
Жиын барысында білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы атқарылатын шаралар туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов баяндады.
– Құқықбұзушылық – қоғамға зиян келтіретін және заң бойынша жазаланатын әрекет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары жасөспірімдермен жұмыс істеуде қырағылық танытуы тиіс» деген болатын. Әрине, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуда аймақ басшысынан бастап бірқатар тапсырма жүктеп, арнайы алгоритмдер мен іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жол картасын бекітті, – деді ол.
Дегенмен, статистиканың өсімі көңіл қынжылтады. Жыл басынан бері ауданда құқық бұзуға бейім 18 оқушы, мектепшілік есепке 32 оқушы, қолайсыз 3 отбасындағы 10 оқушы есепке алынған. Бөлім басшысы ата-аналардың балаларын өзімшілдікке тәрбиелеуі қиындық тудырып отырғанын жасырмады. Бұған өткен оқу жылында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия шешімімен туған ата-анасынан бас тартқан ер бала Қызылорда қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мекемесіне тапсырылғаны дәлел.
Биылғы оқу жылында облыс прокурорының бастамасымен білім беру ұйымдарында маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Адал бала» жүйесі. Қазіргі күні 16 740 оқушы, 868 сынып жетекшісі, барлық ата-ана соған тіркеліп, жүйені пайдалануда. Әділхан Жөлекешов бұл жүйе балалардың бойына адалдық құндылықтарын сіңіретінін, «Заң мен тәртіп», «Қаржылық сауаттылық», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет», «Буллинг және зорлық-зомбылық» бөлімдерінде оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты тақырыптық тапсырмалар тереңдетіліп берілгенін жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары білім алушылар тарапынан болған келеңсіздіктерге көп жағдайда мектеп, колледж мұғалімдерін кінәлі ету ата-ана мен ұстаз арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіретінін айтты. Сондықтан қалай десек те тәрбие бастауы отбасы екенін ұмытпауға шақырды.
Одан кейін аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов құқықбұзушылық профилактикасы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Биыл ауданда «Бала және отбасы», «Түнгі қаладағы балалар», «Демалыс», «Абайлаңыз, балалар!» сияқты жедел профилактикалық іс-шаралар, «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтері ұйымдастырылды. Осы жұмыстар барысында 666 құқықбұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 6 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғынжайдан тыс, ойын-сауық орындарында жүрген 539 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқықбұзушылық жасаған 15 жасөспірім, бала тәрбиесіндегі міндеттерін дұрыс атқармаған 25 ата-ана полиция есебіне алынды, – деді ол.
Жасөспірімдерді қылмысқа итермелейтін негізгі себептер ата-ана тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы, тәрбие жұмысының өз деңгейінде жүргізілмеуі, отбасының әлеуметтік жағдайының төмендігі екенін талдау нәтижесі көрсетті. Сондықтан қылмыстың барлығы сабақтан тыс уақытта болғанын ескерген тәртіп сақшылары баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды ұсынды.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары бала тәрбиесі интернет иірімінде, желінің жетегінде кетпеуі үшін бала – ұстаз – ата-ана үштағаны бірлікте, үндестікте жұмыс жасауы қажет екенін еске салды.
– Заңдылық пен тәртіп – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Құқықтық мемлекетте заң қарапайым азамат үшін де, мемлекеттік қызметкерлер үшін де міндетті. Әрбір азамат салық төлеуден бастап жол қозғалысы ережелеріне дейінгі заңнаманы сақтауы қажет. «Заң мен тәртіп» принципі барлығына қатысты болуы керек, бірақ оны құқықтық теңдік болған жағдайда ғана сақтай аламыз, – деді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
Фото: Нұрболат Нұржаубай












