Ұлттық құрылтай бізге не берді?
Ұлттық Құрылтай бізге не берді? Сіз бен біздің өмірімізге өзгеріс әкелді ме?
Кеше осы сұрақты қойып едім, көпшілігі бос жиын, пайдасы жоқ бас қосу депті. Ендеше, ерінбей оқып шығыңыз…
2022 жылы Президент Жарлығымен Ұлттық құрылтай құрылды. Бұл- елдік мәселелер көтерілетін маңызды алаң әрі билік пен халықтың арасын жалғайтын көпір. Елімізде осыған дейін Ұлттық Құрылтайдың IV отырысы өтті. Нәтижесінде, жалпы саны 26 заң қабылданды. Тағы 10-ы әзірленіп жатыр.
Сонымен, хронология бойынша тоқталсақ…
2022 жыл. Ұлт ұясы- Ұлытау облысы. I отырыс. Жиында ұлттық бірегейлік, тіл мен мәдениет, аймақтық даму, экономикалық әділеттілік мәселелері көтерілді. «25 қазан – Республика» күніне ұлттық мереке статусы берілді. “Еңбек адамы” тұжырымдамасы бекітілді.
2023 жыл. Киелі мекен-Түркістан. II отырыс. Қасиетті топырақта ұрпақ тәрбиесіне баса мән берілді. Жастарымызды отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жан ретінде тәрбилейтін шаралар қолға алынды. 16 заң қабылданды. Яғни, вейпке тыйым салатын, ойын бизнесін реттестіретін заңдарға қол қойылды. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесі өсті. Ең бастысы- «Түркістан қаласының ерекше статусы» бекітілді.
2024 жыл. Жайық жағасы-Атырау. III отырыс. Жалпы ұлттық құндылықтарды одан әрі дамытуға басымдық берілді. Отбасындағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы заң қабылданды. Есірткі айналымы, лудомания, зорлық-зомбылық, вандазилм және ысырапшылдыққа қатысты ұсыныс айтылып, маңызды 10 заң әзірленді.
2025 жыл. Абылай хан ордасын тіккен Бурабай. IV отырыс. Ел дамуына қатысты 53 тапсырма берілді. «Әділетті Қазақстан» құндылықтары, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан»,«Еңбек адамы», «Жаңа қоғамдық этика», «Кітап оқитын ұлт» жобалары жүзеге асып жатыр.
Тағы бір маңыздысы «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленуде. Әлеуметтік желілердегі жала жабу, бейәдеп сөздер қолдану үшін жауапкершілікті күшейтетін заң жобасы дайындалды. Қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салатын заң қабылданды.
Демек, Құрылтай мінберінде көтерілген әр ұсыныс, әр бастама бүгінде елдің тіршілігіне шынайы өзгеріс әкеліп отыр. Мақсат – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Сондай-ақ әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау
Сонымен бірге, Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді.
Армангүл Тоқтамұрат













