Қызылорда: Құрылтайда кітапхана қорын жаңарту мәселесі күн тәртібіне шықты
Министрдің айтуынша, 2026 жылы елімізге белгілі бірқатар тұлғалардың мерейтойлары атап өтіледі. Олардың өмір жолы мен шығармашылығын кеңінен насихаттау өскелең ұрпақтың рухани дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Алайда бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу үшін кітапхана қорлары заманауи талаптарға сай болуы қажет.
Аида Балаева еліміздегі кітапханаларда, әсіресе балаларға арналған әдебиеттердің тапшылығы өткір проблема болып отырғанын ашық айтты. Оның сөзінше, соңғы отыз жылда кейбір авторлардың кітаптары атауы өзгертіліп, қайта-қайта басылғанымен, мазмұндық тұрғыда жаңа әрі сұранысқа ие шығармалар жеткіліксіз.
– Балалар өзі оқығысы келіп, іздеген кітабын таба алмайды. Балалардың кітапқа қызығушылығын арттырғымыз келеді, бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратын әдебиеттер аз. Бұл – ашық айтуымыз керек шындық, – деді министр.
Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құрып, кітапханалар қорын кешенді түрде зерделеу және толықтыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ бұл жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.
Ұлттық құрылтай барысында көтерілген бұл мәселе кітап оқу мәдениетін дамыту, балалар мен жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру жолында маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Фото: Нұрболат Нұржаубай












