Қызылорда: Қармақшыда облыстық жыр фестивалі өтті
Қармақшы аудандық Жыраулар үйінде жыршы-жырау қыздардың көшін жалғастырушы, ел ардақтысы, белгілі жырау Шамшат Төлепованың құрметіне арналған «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» атты облыстық жыр фестивалі өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Сыр елінің жыраулық дәстүрін жалғап, саф өнердің туын жықпай келе жатқан өнерпаздар бас қосқан рухани шарада аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ жыраулық өнердің ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Сыр сүлейлерінің мұрагері, жыраулық өнердің жанашыры болған Шамшат Төлепова – қасиетті қара домбыраны серік етіп, 12 жасынан бастап өмірінің соңына дейін туған халқына жыр маржанын арнаған тұлға. Оның ізін жалғаған қатысушылар бүгінгі фестивальде дәстүрлі жыраулық өнердің өміршеңдігін көрсетті.
Фестивальге әр елді мекеннен келген 10-ға жуық өнерпаз қатысып, сахна төрінде терме-толғауларымен көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Рухани кеш соңында білім саласының ардагері Еркін Атабаев ізгі лебізін білдіріп, жыр додасына қатысқан барлық қатысушыларға арнайы марапаттар табыстап, құрмет көрсетілді.
Айта кетейік ағынды жырау Шамшат Төлепованың құрметіне арналған бұл фестиваль 2010 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі












