Сыр елі: Кластерлік жүйеге батыл қадам
Сәл шегініс жасасақ, былтыр қазан айында Астана қаласында өткен «Kazakhstan Global Investment Round» (KGIR-2025) форумында Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдігі және «Harvest Agro» компаниясы арасында өңірде агроиндустриялық кластер құру үшін үшжақты негіздемелік келісімге қол қойылған болатын. Аталған жоба Мемлекет басшысының Сыр еліне жұмыс сапары кезінде де жаңа инвестициялық жобалар қатарында таныстырылды.
Осыған орай, былтыр қараша айында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Швейцарияға арнайы іссапармен барып, «Harvest Group» компаниясының басшысы Алмаз Альсеновпен кездесуде жобаны жүзеге асыру мәселесі пысықталған еді. Нәтижесінде жобаны қолға алуға Жалағаш және Сырдария аудандарынан 22,5 мың жер учаскесі белгіленді. Жоба екі кезеңмен (2026 және 2027 жылдары) жүзеге асырылады.

– Жобаның қуаттылығы жылына 42 мың тонна техникалық қарасора, 70 мың тонна жүгері дәні және 20 мың тонна соя дайындауға жетеді. Сондай-ақ 60 мың тонна шикізат өңдейтін және май сығу зауытын іске қосу жоспарланған. 150 адам жұмыспен қамтылады. Бүгінде швецариялық компанияның Қазақстандағы өкілдігі «АА Агро Кызылорда» ЖШС-ның Жалағаш ауданы әкіміне жазған мемлекеттік меншіктен жер учаскесін алуға деген өтініші де мақұлданған. Былтыр әкімдік қаулысымен 14273 гектар жер телімі табысталды, – дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Нұртас Төлегенов.
Жоба аясында Қаракеткен ауылына қарасты «Қараөзек» каналы бойынан су үнемдеу технологияларын пайдалану, оның ішінде жаңбырлатып суару тәсілін қолданып, барлығы 32 мың гектар жердің 8700 гектары егіске дайындалған.
– Жалпы тегістелген жердің 7700 гектарына жүгері егу жоспарлануда. Жобада жоспарланған 143 дана жаңбырлатып суару құрылғысының 80-і орнатылса, қалғаны егістік басына толықтай жеткізіліп, құрастырылып жатыр. Мұның бәрі отандық өнім, яғни көршілес Түркістан облысында жасалған. Қуаттылығы 50 гектар жерді суаруға жетеді. Бұдан бөлек, егін алқабына орнатылған жаңбырлатып суару құрылғыларына су жеткізу құбыры және электр тоғын тартуға тиісті жұмыс жүруде, – дейді бөлімнің бас маманы.

Қазір жүгері алқабының 10 шақырым жері қоршалған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 28 шақырымды құрайтын канал қазылуда. Жобаны іске асыруға бірнеше қосалқы мердігер, 300 жұмысшы тартылған. 200-ге жуық техника бар.
– Біздің серіктестік германиялық 4 «CLASS» тракторын, сонымен бірге «TIGER» тұқым себу көпфункционалды техникасы және жүгеріге арналған қатар аралық культиваторлар, өздігінен жүретін дәрі шашқыш техникалар сатып алған. Сондай-ақ биыл жобаның бірінші кезеңі бойынша егінді егу, күтіп-баптауға тұрақты 100 жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр, – дейді «АА Агро Кызылорда» ЖШС директорының орынбасары, бас агроном Ғалымжан Ізтілеуов.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыста егінді әртараптандыру, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ Президент Жолдауында Үкімет пен өңір басшыларына инвестиция тарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша нақты міндет қойғаны белгілі. Осының аясында Сыр өңірінде экономиканы әртараптандыру бағытында бірқатар ірі инвестициялық жоба іске асуда. Мысалы, облыс орталығындағы «Ayna Glass» ЖШС жылына 720 мың шаршы метр айна өндіреді. Өнімдері өзімізден бөлек, Алматы, Шымкент, Тараз, Түркістан, Көкшетау, Ақтау, Жаңаөзен және Қарағанды қаласына жеткізілуде. Кәсіпорында 55 тұрақты жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ құны 1 млрд теңге болатын «Вега Пром» ЖШС газоблок өндіру зауыты биыл іске қосылады. Қазір қажетті жабдықтар шетелден жеткізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары қарқын алған. Ал оңтүстіккореялық «With You E&C» компаниясының қатысуымен жүзеге асып жатқан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кәсіпорны іске қосылса, мұнда сұрыпталған қалдық басқа өндіріске шикізат көзі ретінде пайдаланылмақ. Аталған зауыт пластикалық бұйымдар, қағаз және картон, алюминий өнімдерін өндіретін болады.
Ержан ҚОЖАС
Фото: Жалағаш ауданы әкімдігі












