«Тарлан – Астана»: LRT жүйесінің жаңа атауын мәслихат қолдады
Астана қалалық мәслихатында жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі атауын өзгерту мәселесі қаралды. Қала тұрғындары тарапынан бірнеше балама нұсқа ұсынылып, олардың ішінен «Тарлан – Астана» атауы комиссия тарапынан қолдау тапты.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, атауды өзгерту бастамасы қоғамдық пікірді ескеру мақсатында көтерілген. Әлеуметтік желілер мен қоғамдық талқылаулар барысында тұрғындар «Сұңқар», «Лашын», «Аспан», «Тарлан» секілді ұлттық реңкі бар атауларды ұсынған. Нәтижесінде арнайы комиссия «Тарлан – Астана» нұсқасын ең үйлесімді атау ретінде таңдаған.
Айта кетейік, елордадағы LRT жобасы – қаладағы ең ірі инфрақұрылымдық бастамалардың бірі. Жеңіл рельсті көлік жүйесі әуежай мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалын байланыстырып, қаланың негізгі бөліктері арқылы өтеді. Жобаның жалпы ұзындығы шамамен 21,5 шақырым, онда 18 станция бар.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, жүйе толық іске қосылған жағдайда тәулігіне 100 мыңнан астам жолаушыны тасымалдауға қауқарлы. Сонымен қатар пойыздар 4–5 минут сайын қатынап, қаладағы көлік кептелісін азайтуға ықпал етуі тиіс.
Фото: Ақорда












