Астанада полицейлер екі жол-көлік оқиғасына қатысқан Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісін ұстады. Полиция рөлде бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов болғанын растады.  

Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалада бірнеше автокөлік зақымданған екі жол апаты болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі басқа көліктермен соқтығысып, кейін оқиға орнынан кетіп қалған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде көлік анықталып, полиция қызметкерлері тарапынан Достық көшесінде тоқтатылды. Рөлде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болған»,  деп хабарлады полиция

Ведомствоның мәліметінше, екі жол апаты салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады.

Полицияда сондай-ақ «жауапкершілік адамның танымалдылығына, кәсібіне, лауазымына немесе еңбегіне байланысты емес» екенін атап өтті.

Еске салсақ, Данияр Елеусінов — Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы (2010, 2014) және Азияның екі дүркін чемпионы (2013, 2015). Кәсіпқой бокста ол жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы (2021–2024) және IBF Inter-Continental чемпионы (2020–2022) атақтарын иеленген.

Фото: ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *