65 жастан асқан қазақстандықтарға онлайн несие рәсімдеуге шектеу енгізілді
Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтар енді несиені тек банк бөлімшесіне барып рәсімдей алады. Тиісті талапты Ұлттық банк телефон алаяқтарынан қорғау мақсатында енгізіп отыр.
Реттеушінің мәліметінше, соңғы жылдары алаяқтар көбіне егде жастағы адамдарды нысанаға алып, түрлі айла-шарғылар арқылы олардың атына онлайн несие рәсімдетіп, қаражатты өз есепшоттарына аударуға мәжбүрлеген.
Жаңа тәртіпке сәйкес, 65 жастан асқан азаматтарға несие беру кезінде банк қызметкерлері клиентпен тікелей жұмыс істейді. Егер қызметкер қарыз алушының алаяқтардың ықпалында болуы мүмкін екенін байқаса немесе оның несиені қандай мақсатта рәсімдеп жатқанын түсінбейтінін анықтаса, қаржы ұйымы несие беруден бас тартуға міндетті.
Ұлттық банктің пікірінше, бұл шара егде жастағы азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға және олардың атына заңсыз рәсімделетін несиелердің алдын алуға мүмкіндік береді.













