Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда ресми түрде жұмыс істей алады
Қазақстан азаматтары үшін Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жаңа бағыт ашылды. Корея үкіметі шетел азаматтарын жұмысқа орналастыруға арналған мемлекеттік жүйе — EPS-ті ресми түрде іске қосты.
Бұл шешім 14 тамызда қабылданған. Алайда қазақстандықтар үшін Кореяға жұмысқа бару бірден басталмайды. Алдын ала екі ел арасында тиісті меморандумға қол қойылуы қажет. Қазіргі жоспар бойынша Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге 2028 жылдан бастап бара алады.
Оған дейін Қазақстанда үміткерлердің корей тілін меңгеру деңгейін бағалайтын EPS-TOPIK орталығы ашылады. Жұмысқа орналасқысы келетін азаматтар кәсіби біліктілігін растаумен қатар, корей тілінен арнайы емтихан тапсырады.
Сонымен бірге үміткерлер медициналық тексеруден өтуі тиіс. Жұмысшыларды іріктеу мен жұмысқа орналастыру процесі ресми мемлекеттік жүйе арқылы жүргізіледі.
Еңбек министрлігі азаматтарды алаяқ делдалдардан сақ болуға шақырды. Қазірдің өзінде «жұмысқа орналастыруға кепілдік береміз» немесе «іріктеуден жедел өткіземіз» деп ақша сұрайтындар болуы мүмкін. Министрлік мұндай ұсыныстарға сенбеуге кеңес беріп отыр.
Маңыздысы — Қазақстан азаматтарын EPS жүйесі арқылы жұмысқа тіркеу әзірге басталған жоқ. Сондықтан ресми тіркеу ашылғанға дейін жеке тұлғаларға немесе делдалдарға ақша берудің қажеті жоқ.
Жаңа жүйе іске толық қосылғаннан кейін қазақстандықтар Кореяда заңды әрі ресми еңбек етуге мүмкіндік алады.













