Қызылордада пробация талаптарын елемеген азамат сот залынан қамауға алынды
Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 600-ге жуық сотталған азамат бар. Олардың арасында сот жүктеген міндеттерді орындамай, жазаны өтеу талаптарын бірнеше рет бұзғаны үшін бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, түзеу мекемесіне жіберілетіндер де кездеседі.
Пробация есебіндегі азамат сот қаулысымен бас бостандығынан айырылып, сот залынан қамауға алынды. Аталған азамат ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталған. Оған пробациялық бақылау белгіленген. Азамат пробация есебіне алынғаннан кейін пробациялық бақылау инспекторы Жадыра Арыстанова оған сот белгілеген міндеттерді орындау тәртібін, жазаны өтеу талаптарын және пробация қызметіне тіркелуге келу уақыттарын түсіндірген. Алайда сотталған азамат белгіленген міндеттерді орындамай, жазаны өтеу кезеңінде өзін теріс жағынан көрсеткен. Атап айтқанда, пробация қызметіне тіркелу үшін белгіленген күндері бірнеше рет себепсіз келмеген. Сонымен қатар тексеру барысында тұрғылықты мекенжайында болмаған. Пробация қызметі тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, сотталған азамат тиісті қорытынды шығармаған. Осыған байланысты Жадыра Арыстанова сотталған азаматқа қатысты қажетті құжаттарды жинақтап, оның бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа ұсыныс енгізді. Жуырда Қызылорда қаласының №2 сотының қаулысымен сотталған азаматтың жазасының өтелмеген 2 жыл 23 күні бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Ол сот залынан қамауға алынды.
Фото: ҚАЖ












