Қылмыс 6 пайызға азайды
2025 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген қылмыстардың жалпы саны 6,%-ға, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы 10%-ға дейін қысқарды. Әсіресе, ең қауіпті қылмыстар елеулі түрде төмендеді. Бұл ретте цифрлық аналитика мен бейнемониторинг жүйелерін пайдаланудың арқасында қылмыстардың ашылу көлемі артты. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар саны 19%-ға қысқарды.
Әйел мен баланы қорғау күшейтілді
Отбасылық-тұрмыстық салада профилактикалық шаралар, бірге тұруға уақытша тыйым салу және құқық бұзушыларға арналған психологиялық түзету бағдарламалары қолданылады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай құқық бұзушылықтардың саны 7%-ға төмендеді. Жыл басынан бері 1 877 адам арнайы әлеуметтік көмек алды.
Антифрод-жүйе азаматтардың қаражатын қорғайды
2026 жылдың басынан бері 3,5 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі ашылды. Антифрод-орталықтың мүмкіндіктері қаржылық залалдың алдын алуға және азаматтардың 1 млрд теңгеден астам қаражатын бұғаттауға мүмкіндік берді. Байланыс операторлары 163,2 млн алаяқтық телефон қоңырауын бұғаттады. Сонымен қатар заңсыз 26 мың интернет-ресурстың қызметіне тосқауыл қойылып, заңсыз call-орталықтар мен дропперлік желілерінің қызметі тоқтатылды.
Есірткіге қарсы іс-шаралар аясында 2 млн-нан астам жас қамтылды
Жыл басынан бері 14,5 мыңға жуық есірткіге қарсы іс-шаралар өткізілді. Олардың аясында нарколабораториялар мен жеткізу арналарының жолын кесу, интернет арқылы есірткі өткізуді тоқтату, қаржы ағындарын бұғаттау және жастар арасында ауқымды алдын алу шаралары жүргізілуде. «Жас сақшы» жастар бастамасы мен «Жас қорғау» жобасы дамып келеді.
Жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар саны 16%-ға азайды
2026 жылдың 7 айында жол-көлік оқиғаларының саны 4%-ға, жарақат алғандар саны 6%-ға азайды. Автожолдарда 31 мыңнан астам автоматты тіркеу жүйесі орнатылған. Олардың көмегімен 5,7 млн бұзушылықтың жолы кесілді.
«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру құқық қорғау жүйесін құқық бұзушылықтарға жәй ғана ден қою тәжірибесінен алшақтап, олардың алдын алуға біртіндеп көшіруге мүмкіндік береді. Цифрлық құралдар мен профилактикалық шаралар қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді.













