Қызылордада Шиелі аудандық пробация қызметінің есебіндегі 6 азамат Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің студенті атанды.

Аталған азаматтарға пробация қызметінің мамандары колледжге түсуге қажетті құжаттарын жинақтап, дайындауға және оқу орнына тапсыруға жан-жақты көмек көрсеткен. Нәтижесінде 6 азамат колледжге қабылданып, «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандығы бойынша 10 ай бойы білім алатын болады.

Шиелі аудандық пробация қызметінің бастығы, әділет подполковнигі Қайрат Байгенжеевтің айтуынша, есепте тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу үшін білім алып, мамандық меңгеріп, еңбек етуіне жағдай жасау маңызды.

«Өткен жылы осы колледжде 3 азамат білім алып, оқуын аяқтады. Биылғы оқу жылында да сол жұмысты жалғастырып, 6 азаматтың оқуға түсуіне көмек көрсеттік. Басты мақсатымыз – олардың қоғамда өз орнын табуына ықпал ету», дейді Қайрат Байгенжеев.

Оқуға түскен есептегі азаматтар пробация қызметіне алғыстарын айтты.

«40 жасымда студент атанамын деп ойламаған едім. Бұған дейін өмірде қателіктерім болды. Бірақ өткенді өзгерте алмайсың, ал болашағыңды өзгерту өз қолыңда. Пробация қызметкерлері маған колледжге түсуге көмектесті. Құжаттарымды дайындап, оқу орнына түсуіме жол көрсетті. Енді алдыма нақты мақсат қойып отырмын. Мамандық алып, тұрақты жұмыс істеп, отбасыма тірек болғым келеді. Жасым келді деп білім алудан бас тартпау керек екен. Керісінше, жаңа өмір бастауға ешқашан кеш емес», дейді 40 жастағы студент.

Фото: ҚАЖ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *