Отандық автоөндіріс 33 пайызға өсті
Қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Машина жасаушылар күні атап өтіледі. Бүгінде бұл салада 68 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жеті айда Қазақстандағы автокөлік өндірісі 33 пайызға артқан. Осы кезеңде отандық кәсіпорындар 111 мыңнан астам автокөлік пен түрлі техника шығарды. Оның басым бөлігін жеңіл автомобильдер құрайды.
Сонымен қатар, отандық өндірушілер 4 мың жүк көлігін, 1 мың 612 автобусты, 594 арнайы техниканы және 2 мың тіркемені өндірді.
Саладағы өндіріс көлемін жыл соңына дейін одан әрі арттыру жоспарланып отыр. Биыл 190 мың автокөлік өндіру межесі қойылған. Салыстырмалы түрде, өткен жылы бұл көрсеткіш 171 мың болған.
Машина жасау саласындағы өсімге инвестиция көлемінің артуы да ықпал етіп отыр. Соңғы бес жылда секторға 457 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл қаражат өндіріс қуатын кеңейтуге, жаңа жобаларды іске асыруға және отандық машина жасау саласының дамуына бағытталуда.
Мамандардың айтуынша, өндіріс көлемінің артуы еліміздегі машина жасау индустриясының әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Алдағы уақытта жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асуы саладағы көрсеткіштердің тұрақты өсуіне мүмкіндік бермек.













