ИП ашу оңай, жүргізу қиын: Жеке кәсіпкерлерді жиі шығынға батыратын қателіктер
Бүгінде жеке кәсіпкерлікті бірнеше минутта тіркеуге болады, алайда оны табысты жүргізу әлдеқайда күрделі. Салықтық есептегі қателік, міндетті төлемдердің кешігуі немесе тауар бағасын дұрыс белгілемеу кәсіпкерді шығынға батыруы мүмкін. Әсіресе бизнесті енді бастағандар қаржылық және құқықтық сауаттылықтың маңызын тәжірибе жүзінде түсінеді. Жеке кәсіпкерлер қандай қателіктерді жиі жібереді және олардың алдын алу үшін нені ескеру керек?
Кәсіпкерлік тәжірибе: халықаралық және отандық жағдай
Әлемдік тәжірибеде шағын және орта бизнес экономиканың маңызды құрамдас бөлігі саналады. Қазақстанда да жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, мобильді қосымшалар арқылы кәсіп бастауға мүмкіндік жасалған. Дегенмен кәсіпті тіркеу мен оны заңнама талаптарына сай жүргізудің арасында үлкен айырмашылық бар. Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, кәсіпкерлікті тіркеу тәртібі елдің құқықтық жүйесіне және бизнестің ұйымдық-құқықтық нысанына байланысты ерекшеленеді. Мысалы, Германияда компаниялардың жекелеген түрлерін тіркеу кезінде нотариаттық рәсімдер мен коммерциялық тізілімге енгізу талап етілуі мүмкін (verwaltung.bund.de сайтынан алынды). Ал Сингапурда кәсіпкерлікті онлайн тіркеуге мүмкіндік беретін цифрлық мемлекеттік қызметтер дамыған (acra.gov.sg сайтынан алынды). Алайда тіркеу рәсімінің жеңілдігі кәсіпкердің салықтық және қаржылық міндеттемелерін жоймайды. Қазақстанда салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бағытында реформалар жүргізіліп келеді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Осы өзгерістер жағдайында жеке кәсіпкерлер үшін салықтық сауаттылық пен есеп жүргізу тәртібінің маңызы арта түседі.
Статистика не дейді?
Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 1 қыркүйектегі деректеріне сәйкес, елде тіркелген жеке кәсіпкерлер саны 1 653 654 субъектіні құраған. Оның ішінде 1 596 438-і жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер ретінде көрсетілген ( stat.gov.kz сайтынан алынды). Бұл көрсеткіштер Қазақстанда жеке кәсіпкерліктің кең таралғанын аңғартады. Алайда тіркелген кәсіпкерлер саны бизнестің қаншалықты табысты екенін немесе кәсіп иелерінің салықтық сауаттылық деңгейін өздігінен анықтамайды. Кәсіпкерлік қызметтің нәтижесі қаржыны басқаруға, сұранысты дұрыс бағалауға және заңнама талаптарын орындауға да байланысты. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимі де қолданысқа енгізілді. Осыған байланысты кәсіпкерлік қызметін жалғастырушы азаматтардың өз мәртебесін, қызмет түрін және қолданатын салық режимін нақтылауы маңызды.
Салықтық есептегі қателік қымбатқа түсуі мүмкін
Жеке кәсіпкерлердің жиі кездесетін мәселелерінің бірі — өздеріне қолданылатын салық режимінің талаптарын толық білмеу. Бұған есептілікті белгіленген мерзімде тапсырмау, кіріс пен шығысты дұрыс тіркемеу және міндетті төлемдерді есептеу кезіндегі қателіктер қосылады. Салық консультанты Жұмағұл Ақбота Әбдіраззаққызының айтуынша, кәсіпкерлердің бір бөлігі салық саласындағы өзгерістерді тұрақты бақыламайды. Соның салдарынан қарапайым көрінетін қателіктер кейін қосымша қаржылық міндеттемелерге ұласуы мүмкін:
«2026 жылдан бастап кәсіпкерлерге клиенттерден түскен қаражатты арнайы бизнес-шотқа қабылдаған дұрыс. Себебі салықтық бақылау күшейіп, кәсіпкердің кірісі мен шығысын есепке алу мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан жеке және кәсіпкерлік қаражатты ажыратып, барлық қаржылық операцияларды дұрыс рәсімдеу маңызды. Кәсіпкерлер үшін негізгі тәуекелдердің бірі – салық декларацияларын уақытында тапсырмау, табысты толық көрсетпеу және өзіне сәйкес салық режимінің талаптарын білмеу. Қазіргі уақытта салық саласындағы талаптар өзгеріп жатқандықтан, кәсіпкердің барлық ақпаратты өз бетінше білуі жеткіліксіз. Салық заңнамасындағы жаңалықтарды тұрақты бақылап, білікті маманмен жұмыс істеген жөн. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдер мен аударымдарды белгіленген мерзімде төлеу қажет. Міндеттемелерді уақытында орындамау кәсіпкерге қосымша қаржылық шығын әкелуі мүмкін. Сондықтан салықтық міндеттемелерді алдын ала жоспарлап, төлем мерзімдерін өткізіп алмау маңызды. Салықтық бақылаудың күшеюі кәсіпкерлердің кірісі мен шығысы арасындағы сәйкестікті де маңызды мәселеге айналдырады. Мысалы, шоттардағы ақша айналымы жоғары болғанымен, декларацияда көрсетілген табыс аз болса, бұл қосымша тексеруге негіз болуы мүмкін. Сұхбат барысында айтылғандай, аударымдары үш ай қатарынан белгіленген шектен асқан азаматтарға да тексеру жүргізіліп жатыр. Дегенмен нақты тексеру өлшемдері мен талаптарын ресми дереккөздер арқылы нақтылау қажет. Кәсіпкерлердің бір бөлігі табысын толық көрсетпей, салықтық міндеттемелерден жалтаруға тырысады. Алайда мұндай әрекет болашақта берешектің жиналуына және банк шоттарының бұғатталуына әкелуі мүмкін. Сондықтан табысты жасырудың орнына оны заң талаптарына сәйкес көрсетіп, салықты дұрыс есептеу әлдеқайда тиімді. Салық жүйесіндегі өзгерістердің тағы бір мақсаты – кәсіпкерлерге түсінікті әрі қолайлы жағдай жасау. Салық режимдерін оңтайландыру арқылы кәсіпкерлік қызметті жүргізу тәртібін жеңілдетуге басымдық беріліп отыр. Мысалы, жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимінде салық мөлшерлемесі жалпы тәртіп бойынша 4% деңгейінде белгіленген. Сонымен қатар жергілікті мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес кейбір өңірлерде бұл мөлшерлеме төмендетілуі мүмкін. Сондықтан әр кәсіпкер өз қызметіне қолданылатын мөлшерлемені және режим талаптарын нақтылауы керек. Жалпы, қоғамда салықтық сауаттылықты арттыру маңызды. Кәсіпкерлер салық төлеуді тек міндет ретінде емес, өз қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін құрал ретінде қабылдауы қажет. Егер кәсіпкерлер табысын ашық көрсетіп, салықтарын уақытында төлеп, заң талаптарын сақтаса, салықтық тәуекелдер де азаяды. Бұл өз кезегінде бизнестің тұрақты дамуына және мемлекеттік бюджеттің кірісін арттыруға ықпал етеді»-дейді маман.
Маманның айтуынша, салықтық сауаттылық пен қаржылық тәртіп кәсіпкерлік қызметтің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Кіріс пен шығысты жүйелі есепке алу, салықтық міндеттемелерді уақытында орындау кәсіпкерлердің қаржылық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан заңнамадағы өзгерістерден хабардар болып, есеп жүргізуге жауапкершілікпен қарау маңызды. Бұл тақырып аясында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіп иесі салықтық сауаттылық пен бизнесті жүргізу барысында кездескен қиындықтар туралы тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, кәсіптің алғашқы кезеңінде бухгалтердің көмегіне жүгінгенімен, тауар бағасын қалыптастыру мен шығындарды есептеуде бірқатар қиындық туындаған (аноним):
« Біз жеке кәсіп ашқан кезде бірден бухгалтерге жүгініп, кәсібімізді заң талаптарына сәйкес жүргізе бастадық. Салық мәселелерін толықтай маманға тапсырғандықтан, бұл бағытта айтарлықтай қателіктер болған жоқ. Алайда алғашқы кезеңде тауарлардың бағасын қалыптастыру қиындық туғызды. Мысалы, сүт өнімдеріне бастапқыда 20% үстеме баға қостық. Кейін бұл өнімдерге әдетте 10–15% көлемінде үстеме баға қосылатынын білдік. Басқа тауарлардың бағасын белгілеуде де тәжірибеміз жеткіліксіз болды. Соның салдарынан кейбір өнімдердің бағасын дұрыс есептей алмай, шығынға ұшырадық. Кәсіптің алғашқы екі айында сұранысқа ие тауарларды анықтау, оларға уақытылы тапсырыс беру және бағаны дұрыс қалыптастыру оңай болған жоқ. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, тұтынушылардың қажеттіліктерін түсінудің және қаржыны дұрыс жоспарлаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, кәсіп бастағанда салықтық міндеттемелермен қатар, тауар бағасын есептеу, сұранысты зерттеу және шығындарды жоспарлау мәселелеріне де ерекше көңіл бөлу қажет» — дейді ол.
Жеке кәсіпкерлікті табысты жүргізу тек бастапқы капитал мен сұранысқа ие өнімге байланысты емес. Салықтық сауаттылық, қаржыны дұрыс жоспарлау, тауар бағасын негізді қалыптастыру және заң талаптарын сақтау да бизнестің тұрақтылығын айқындайды. Мамандардың кеңесі мен кәсіпкерлердің тәжірибесі көрсеткендей, ұсақ көрінген қателіктің өзі уақыт өте келе елеулі шығынға ұласуы мүмкін. Сондықтан кәсіп бастауға ниетті азаматтар тіркеу рәсімімен шектелмей, оның қаржылық және құқықтық жауапкершілігін де алдын ала зерделегені жөн. Өйткені кәсіп ашу — алғашқы қадам, ал оны сақтап, дамыту — күнделікті есеп пен сауатты шешімді талап ететін ұзақ жол.
Қаламқас Құттыбек,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің 3-курс студенті












