Елімізде шай импорты отандық өндіріс көлемінен асып түседі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл Қазақстанда 3 829 тонна шай өндірілген. Оның 92,1 пайызы Алматыға тиесілі. Ал осы кезеңде елге 18,3 мың тонна шай импортталған. Импорттың 27,2 пайызы Кениядан жеткізілген. Бұл деректер шайдың Қазақстанда көп тұтынылатынын аңғартады. Қазақ дастарқанынан ерекше орын алған сусынның тарихы бірнеше ғасыр бұрынғы сауда байланыстарымен сабақтас.

Ұлы Жібек жолынан қазақ дастарқанына дейін

Шайдың отаны – Қытай. Сауда жолдары арқылы басқа аймақтарға тараған сусын қазақ даласына жеткен. Этнограф-ғалым, тағам антропологиясының маманы Әйгерім Мұсағажинованың айтуынша, шай қазақтың тұрмысына XVIII–XIX ғасырларда еніп, XIX ғасырдың екінші жартысында күнделікті тұтынатын сусынға айналған.

– Қазақ даласы Қытай, Орталық Азия және Ресей империясын байланыстыратын сауда жолдарының тоғысында орналасқан. Қытайдан көбіне кірпіш пішінінде басылған шай әкелінсе, Ресеймен сауда арқылы байха шайы тарады. Бұхара, Құлжа мен Қашғар қалаларымен байланыстар да маңызды рөл атқарды, – деді этнограф.

Алғашында шай, қант пен самаурын қымбат саналып, отбасының дәулетін танытқан. Кейін сусын көпшілікке кеңінен таралып, жергілікті тұрмысқа бейімделді. Соның нәтижесінде шай ішу дәстүрі қазақтың қонақ күту мәдениетімен тығыз байланыста қалыптасты.

Өңірлердегі шай ішудің ерекшеліктері

Шайдың қазақ тұрмысына сіңуі оны дайындау мен ұсынудың өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырды. Елдің әр өңірінде шай ішуге қатысты дәстүрлер сақталған. Мәселен, Батыс Қазақстанда шайға қуырылған тары қосылса, оңтүстікте көк шай кең тараған. Кей өңірлерде сүт, тұз, май және қуырылған ұн қосылған шыршай дайындалған.

Этнограф Әйгерім Мұсағажинованың айтуынша, шайдың түр-түрін әзірлеумен қатар, оны ұсынудың да өзіндік әдебі бар.

– «Ақ шай» қою демделген шайға сүт немесе қаймақ қосу арқылы дайындалады. Ал «келін шай» дәстүрінде жас келіннің қонақтарды қарсы алып, шай ұсынуына ерекше мән берілген. «Бас аяқ» деп дастарқан басындағы сыйлы қонаққа немесе үлкен кісіге ұсынылатын алғашқы кесені атаған, – деді этнограф.

Қазақтың шай ішу әдебінде қонаққа шайды аз мөлшерде құйып, қайта-қайта ұсыну құрметтің белгісі саналады. Бұл дәстүр шайдың жай ғана сусын емес, қонақпен әңгімелесуге, сыйластықты білдіруге мүмкіндік беретін мәдени құбылыс екенін көрсетеді.

Қазақтың дәстүрі мен Бельгия ғалымдарының тәжірибесі

Сүт қосылған шай қазақ дастарқанында ғана емес, кезінде Ұлыбританияда да кең тараған. Алайда британдықтардың бұл сусынды ішуіне тарихи және тұрмыстық жағдайлар әсер еткен.

Тіпті, 1980 жылдардың соңында Бельгия корольдік жаратылыстану ғылымдары институтының химиктері сусын әзірлеудің түрлі әдісін зерттеген. Олар ингредиенттерді араластыру ретін, қайнату ұзақтығын, сүттің температурасын және тұз секілді қоспалардың әсерін тәжірибе жүзінде сынаған.

Қазақстанда да шай ішу мәдениеті уақыт өте келе жаңа талғамдармен толығып келеді. Мәселен, қазір арша мен киікоты секілді жергілікті өсімдіктерді қосып, сусынның жаңа түрлерін әзірлеу үрдісі байқалады. Дегенмен, мұндай жаңашылдықтарды дәстүрмен байланыстыру үшін тарихи негізге сүйену маңызды.

– Жергілікті өсімдіктерден жаңа рецепт жасау – ұлттық асхананың заманауи интерпретациясы. Бірақ сусынды дәстүрлі деп атау үшін тарихи деректер қажет, – деді Әйгерім Мұсағажинова.

Этнографтың пікірінше, жастардың жаңа дәмдерге қызығуы ұлттық дәстүрден бас тартуды білдірмейді. Керісінше, дәстүрдің мәнін сақтай отырып, оны заманға сай дамыту маңызды. Осылайша, шай ішу мәдениеті тарихи тамырынан ажырамай, жаңа талғамдармен толыға алады.

Шайды 60 градустан төмен температурада ішкен дұрыс

Шайдың мәдениет пен күнделікті тұрмыстағы орны оның денсаулыққа әсеріне де назар аудартады. Медицина ғылымдарының магистрі, №1 отбасылық медицина кафедрасының ассистенті, гастроэнтеролог Әйгерім Сарбаеваның айтуынша, кофеині бар шайды шамадан тыс тұтыну ұйқысыздық пен мазасыздыққа әкелуі мүмкін.

– Қара және көк шайды күніне 3–5 кесе, яғни шамамен 600–900 миллилитр көлемінде ішуге болады. Ал шөп шайларының мөлшері құрамына байланысты әртүрлі болады, – деді дәрігер.

Маман шайдың құрамындағы таниндер темірдің сіңуін төмендетуі мүмкін екенін де ескертеді. Сондықтан темір тапшылығының қаупі бар адамдарға шайды тамақпен бірге ішпей, араға уақыт салып тұтынған жөн.

Сусынның температурасы да маңызды. Дәрігердің айтуынша, өте ыстық шайды үнемі ішу өңештің шырышты қабатына зиян келтіріп, қатерлі ісік тудыруы мүмкін. Сол себепті шайды 60 градустан төмен температураға дейін суытып ішкен дұрыс.

Фото: Kazinform / ЖИ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *