Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына барды
Мемлекет басшысы Хромтаудағы «Болашақ» шахтасының жұмысымен танысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары «Болашақ» шахтасын аралап көруден басталды. Шахтаның қуаттылығы жылына 7,5 миллион тонна хром рудасын өндіруге жетеді. Мемлекет басшысына жаңа нысанда 1800 жұмыс орны құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады. Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов «Болашақ» шахтасы ERG компаниялар тобының ірі инвестициялық жобаларының бірі саналатынын атап өтті. Кәсіпорын «Миллионное» және «Алмас-Жемчужина» кен орындарын игерумен айналысады. Кен қазу ісіне автоматты режимде бұрғылайтын интеллектуалды бұрғылау қондырғысы, қашықтан жер үстінде басқару жүйесі, сондай-ақ толықтай автоматтандырылған жүк көтеру машиналары секілді озық технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар қолданылады. Компания басшысының айтуынша, Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасын іске қосу еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі тарихи оқиға болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды
Президентке бұл білім ошағы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына мамандар даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны екені баяндалды. 1979 жылы негізі қаланған колледжде 1157 студент кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, тау-кен электр механигі, электр монтері және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Оқу орнының директоры Бағдашжан Молдашева Мемлекет басшысына білім беру үдерісінде қолданылатын озық технологиялар жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, колледжде теориялық білімді тәжірибемен ұштастыратын дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Студенттер колледж аумағындағы оқу-шахта полигонында өндірістік тәжірибеден өтіп, техникамен жұмыс істеудің күрделі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сондай-ақ жаттықтырушы-симуляторлар арқылы шахтадағы жағдайға барынша ұқсас ортада жұмыс дағдыларын үйренеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев колледж жұмысымен танысқаннан соң студенттермен және түлектермен кездесті
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы дуальды оқыту жүйесінің аса қажет екенін жеткізіп, аталған колледждегі теория мен өндірісті ұштастыру арқылы жүргізіліп келе жатқан білім беру ісіне жоғары баға берді. Президент тау-кен саласы ел экономикасының маңызды бөлігі екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланған 2025 жылы отандық өнеркәсіпті қолдауға баса назар аударылады.
Президент №1 Хромтау орта мектебін аралап көрді
Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің білім беру ісіндегі ерекшеліктерімен және оқушылардың зертханалық жұмыстарымен танысты. Президентке бұл оқу ордасы «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» пилоттық жобасына енгізілгені жөнінде ақпарат берілді. Қанатқақты жоба шағын жинақты мектептерде цифрлық технологияларды қолдану арқылы білім берудің сапасы мен оқытудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Жоба аясында мұғалімдер қашықтан тәжірибе алмасады. Мемлекет басшысы аталған білім ошағындағы және басқа да ауыл мектептеріндегі оқушылардың ашық сабағына онлайн-режимде қатысты. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев шалғай елді-мекендерде тұратын балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін мектепке автобус сыйға тартты.
#ФастНьюсКЗ #Президент #Ақтөбе