Министрдің мәлімдемесі
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева желі қолданушыларын онлайн-контентке көбірек көңіл бөлуге шақырды.
«Қазіргі уақытта интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәселелер қызу талқылануда. Мониторинг көрсеткендей, онлайн-платформаларда көбінесе заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралады. Осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырамын. Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын. Миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, біздің министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінетінін атап өткім келеді. Дегенмен, желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс».