Спорт: Кеңейтілген отырыс өтті
ҚР Туризм және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2024 жылғы қызметі мен 2025 жылға қойылған негізгі міндеттері туралы кеңейтілген Алқа мәжілісінің отырысы өтті.

Жиынға Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, Парламенттің және Қоғамдық кеңестің өкілдері, сала ардагерлері, атақты спортшылар мен құрметті жаттықтырушылар, жергілікті атқарушы органдардың, ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары, үкіметтік емес ұйым белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыста ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Мирас Төлебаев ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2024 жылғы қызметінің, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев дене шынықтыру және спорт саласындағы 2024 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев қазақстандық спортты әлемдік спорттық аренада ілгерілету мәселесі жайында сөз сөйледі.

Бұдан бөлек, Жамбыл облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов өңір спортының дамуы, «Жамбы ату» ұлттық спорт федерациясының атқарушы директоры Елнұр Исақұл «Жамбы ату» спортының қазіргі жай-күйі мен болашағы туралы баяндама жасады.
Ербол Мырзабосынов Министрлік алдында балалар және бұқаралық спортты дамыту мен жоғары жетістіктер спортын жетілдіруде ауқымды жұмыстар тұрғанын айтты.

«Мемлекет басшысы «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз және бүкіл еліміз мақтан тұтатын спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз» деп ерекше атап өткен болатын. Президентіміз спорт саласына түбегейлі өзгерістер қажет екеніне баса назар аударып, саланың стратегиялық дамуының басым бағыттарын белгілеп берді. Министрлік алдында балалар және бұқаралық спортты дамыту мен жоғары жетістіктер спортын жетілдіруде ауқымды жұмыстар тұр. Бұқаралық спорт жан саулығымызды нығайтуға бағытталса, үлкен жетістіктерге жетелейтін спорт – елдің оң имиджін қалыптастырады», – деді министр.
Сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрі заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес және лудоманияға қарсы іс-қимыл салаларын жетілдіруде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Былтыр министрлікте Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті құрылды. Комитет азаматтардың құмар ойындары мен бәс тігуге жол беруінің себептері мен ұлғаю ауқымы туралы әлеуметтік зерттеуді аяқтауға тиіс. Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және букмекерлік кеңселермен бірлесіп, бәс тігуге қатысушылардың, соның ішінде Face ID қолдана отырып аутентификация мәселесін пысықтауы қажет. Бұдан бөлек, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп құмар ойындарынан азаматтардың өзін-өзі шектеуі бойынша Stopazart сервисін және букмекерлік кеңселердің аппараттық-бағдарламалық кешендерімен Борышкерлердің бірыңғай реестрін интеграциялау мәселесі бойынша жұмыстар жүргізуі қажет», – деп мәлімдеді Ербол Мырзабосынов.