БҚО белсенді түрде іске кірісе бастады
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты алдын алу шаралары басталды. Бұл туралы fastnews.kz хабарлайды.
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру жөніндегі Республикалық штаб отырысында БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлы су тасқынын болдырмау үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Өңір басшысы «Ұзындығы 143 шақырым болатын 81 қорғаныс бөгеті салынды, 9 шақырым су бұру арналары, 93 шақырым арық қазылды, елді мекендерге 582 метрлік су өткізу құбырлары орнатылды, 74 шақырым магистральдық каналдар тазартылды. Облыстағы барлық су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр» деді.
Облыстық су тасқынына қарсы штаб өз жұмысын 10 наурызда бастаған. Қазіргі уақытта қыс маусымының салдарын жою және су тасқынына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 916 мың текше метр қар шығарылып, 49,3 мың текше метр еріген су сорылды, 27 шақырым су бұру арналары, 62 шақырым арықтар және 1 200-ден астам су өткізу құбырлары тазартылып, 1,5 мың шаршы метр жер қарайтылды.
Сондай-ақ, облыста едәуір көлемде материалдық-техникалық ресурстар қоры жасақталған. Тәулік бойы 1,8 мың арнайы техника, 123 жүзу құралы, 455 мотопомпа және 4 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылған. Сонымен қатар, 12 мың тоннадан астам инертті материал, 413 мың қап, 423 тонна жанар-жағармай қоры дайындалып, 95 мыңнан астам құм салынған қап әзірленген.
Бұдан бөлек, 32 мың адамды орналастыруға есептелген 317 уақытша эвакуациялық бекеттер дайындалды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз аймақтарға көшіру үшін 195 арнайы орындар белгіленді.
Облыстағы 22 гидробекетке қосымша 7 жаңа бақылау бекеті орнатылды. Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінде үш автоматтандырылған бақылау жүйесі іске қосылмақ, олар наурыз айының соңына дейін толық жұмыс істейді. Бұл жүйелер су деңгейін жедел қадағалап, ықтимал қауіптерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Штаб отырысында облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы өңірдің азаматтық қорғаныс жүйесі жоғары дайындық режиміне көшірілгенін атап өтті.
/сурет ашық дереккөзден алынды