ТҰРҒЫНДАР ҚАРЖЫЛАЙ САУАТТЫ МА?
Бүгін Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде қалалық «Қоғамдық даму бөлімі», Полиция басқармасының өкілдерімен бірлесіп кент тұрғындарымен кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты – ақ “Қарызсыз қоғам” жобасы аясында тұрғындарға түсіндірме жүргізу, алаяқтыққа жол бермеу, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталды.
Жиынға «AMANAТ» партиясы Қызылорда қалалық филиалының Атқарушы хатшысы, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Гүлшат Мұсаева, Қоғамдық даму бөлімінің теолог маманы Ғалымжан Орманбай, сондай-ақ қалалық Полиция басқармасының аға тергеушісі Ерболат Прмағанбетов қатысты.
Өз сөзінде Гүлшат Исақызы «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығына тоқталып, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы қарызға тәуелділікті азайту қажеттігін баса айтты. Өткен жылы аталмыш жоба аясында 2302 қызылордалық қаржылық сауаттылығын арттырған болатын. Биылғы жылғы оқу жұмыстарының ерекшелігі 90 күннен астам берешектігі бар тұлғалармен тікелей жұмыс істеу. Бұдан бөлек, оқу курстары онлайн және оффлайн форматта жүргізілуде.
Ал Ерболат Прмағанбетов интернет алаяқтығының алдын алу мәселесіне тоқталды. Ғалымжан Орманбай діни экстремизмнің қауіпті тұстарын түсіндіріп, белгісіз бір күмәнді діни материалдарды таратпауға және оларға сенбеуге шақырды.
Осылайша, кездесуде азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында маңызды ақпараттар беріліп, тұрғындар көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Аталған бағыттағы түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табады.