Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің ерекшеліктері мен кезеңдері туралы БАҚ өкілдері алдында брифинг өткізді. Төрағанының айтуынша, дарынды, бастамашыл, кәсіби білікті жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған маңызды жобаның мемлекетшіл жас буын үшін берері көп.
Төрағаның сөзінше, бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеуге қатысуға жалпы 60 мыңнан астам қазақстандықтар қызығушылық танытқан. Іріктеу қорытындысы бойынша резервке 400 адам қабылданды. Бүгінде олардың 318-і жауапты қызметке тағайындалып, экономиканың түрлі салаларында ел дамуына өз үлестерін қосуда.
«Биыл біз Президенттік жастар кадр резервіне кезекті төртінші іріктеуді өткізуді жоспарлап отырмыз. Төртінші іріктеудің ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады. Кандидаттарға қойылатын жалпы талаптар бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сияқты, яғни, кандидаттардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес болуы туралы талаптар сақталатын болады. Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді» деді Дархан Жазықбай.
Іріктеу мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам сынды 6 негізгі сала бойынша жүргізіледі. Кандидат тіркелу кезінде көрсетілген салалық бағыттардың бірін таңдауы қажет. Сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс.
Брифинг соңында Агенттік төрағасы ел мүддесіне қызмет етемін деген белсенді жас азаматтарды Президенттік жастар кадр резервіне қатысуға шақырды.