Кіл қазақ немесе «Қайсар» легионерлерден құралған команданы жеңді
Олар премьер-лиганың 9-турында түркістандық «Тұранмен» кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Осылайша, қызылордалық клуб биылғы чемпионаттағы алғашқы 3 ұпайын алды. Бұған дейін 8 тур бойы жеңіс дәмін татпаған «қасқырлар» елдегі ең үздік клубтар «Астана» және «Қайратпен» тең тарқасқан-ды. Одан бөлек, «Оқжетпеспен» де тең ойнады. Десе де, 3 ұпайға жете алмай жүрген Кумыков шәкірттерін жанкүйерлер өткен аптада бір қыспаққа алған болатын.
Соған орай, Олимпиада чемпионы, Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев «Қайсар» футбол клубының базасында жанкүйерлермен кездесу өткізіп, команданың жоғары лигада қалуы үшін барлық жағдай жасалатынын, алдағы уақытта клуб 3-4 ойыншымен толығатынын жеткізді.
Еске салайық, қызылордалық «Қайсар» осы жылды 100 пайыз легионерсіз бастады.
Сондықтан да, отандық футбол сарапшылары мен журналистер сырбойылық команданың аяқ алысын қалт жібермей отыр.
Түркістанның «Тұран» командасын өз алаңында қабылдаған «Қайсар» үшін жеңіс ауадай қажет еді. Өйткені, әр ойыннан ұпай алмаса, турнирдегі жағдай да қиындай түспек. Әрі Қызылордада жаңа стадион бой көтеріп жатыр, биыл пайдалануға да беріледі. Жергілікті жанкүйерлермен қатар, басшылық та «Қайсардың» келесі маусымды жаңа стадионда жоғары лигада ойнағанын құп көреді.
Ойынның бірінші таймында командалар гол соға алмады. Ал екінші кезеңде «Тұран» қақпасына белгіленген он бір метрлік айып соққысын шабуылшы Айбар Жақсылықов шебер орындап, команданы алға шығарды. Төреші ысқырығы шалынғанша таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Осылайша, «Қайсар» алғашқы 3 ұпайын еншілеп үлгерді.