Мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шырдабаев 85 жаста
Еліміздің мұнай-газ саласы мен мемлекеттік басқару жүйесінде өзіндік қолтаңбасы бар, өнегелі өмір жолын өндіріске арнаған қайраткер, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш мұнай министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Тәжіқараұлы Шырдабаев 85 жасқа толды.
Ол – атақ пен мансапқа қызықпаған, ел игілігі жолында елеулі еңбек еткен санаулы тұлғалардың бірі. Жастайынан еңбекке араласқан Равиль Шырдабаев мұнайшы болуды бала кезінен армандап, арманын нақты әрекетпен ұштастыра білді. Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай және газ институтында білім алып, туған жері Атырау өңірінің өндірістік өрісін кеңейтуге сүбелі үлес қосты.
«Атырау – мұнайдың қара шаңырағы. Равиль аға сол Доссорда дүниеге келіп, бала кезінен еңбекке араласты. 33 жасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 35 жасында облыс орталығы – қаланың басшысы болды. Бұл – оның қабілетін, еңбекқорлығын көрсетеді», – дейді Мәжіліс депутаты Бақытқожа Ізмұхамбетов.
/сурет ашық дереккөзден алынды
Шырдабаевтың есімі «Теңіз» кенішінің игерілуімен тығыз байланысты. Ол – «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының алғашқы қазығын қаққан азаматтардың бірі әрі алғашқы басшысы. Бұл кәсіпорын Қазақстан мен АҚШ арасындағы ең ауқымды экономикалық серіктестіктің іргетасы болғаны белгілі.
«Ол уақытта Теңіз кен орны бес түрлі елдің аумағына қарайтын еді. Сол шекаралық және экономикалық мүдделерді тиімді үйлестіріп, Қазақстанның үлесін сақтап қалуда Равиль Тәжіқараұлы үлкен дипломатиялық миссияны атқарды. Бұл тек саясат емес, мұнай өндірісінің ерекшелігін терең білетін адамның қолынан келетін іс еді», – деп еске алады мұнай-газ саласының ардагері, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин.
1990-жылдары мұнай-газ өндірісі қарқынды дами бастағанда Равиль Шырдабаев егемен ел тарихындағы алғашқы мұнай министрі болып тағайындалды. Ол бұл жауапты қызметті абыроймен атқарып, саладағы реформаларды кәсіби деңгейде жүргізуге үлес қосты.
1994 жылы туған жері Атырау облысының әкімі ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етті. Кейіннен Украина мен Молдова елдерінде елші болып қызмет етіп, Қазақстанның сыртқы саяси беделін арттыруға да атсалысты. Бұдан бөлек, ҚР Парламенті Мәжілісінде депутат ретінде елдің сөзін сөйлеп, халық мүддесін қорғады.
«Ол кісі өндірісте де, аймақ басқаруда да, министрлік пен дипломатияда да биік жауапкершілікпен жұмыс істеді. Украина мен Молдовада елшілік қызмет атқарған шақта ол кісінің беделі жоғары болды. Ол жақтағы азаматтар әлі күнге дейін Равиль ағамызды құрметпен еске алады», – дейді Бақытқожа Ізмұхамбетов.
Қайраткерлігімен қатар, қаламгерлігімен де танылған Равиль Тәжіқараұлы – мұнай саласының тарихына қатысты бірнеше құнды еңбек жазған қалам иесі. Оның туындылары кәсіби мамандар мен жас зерттеушілер үшін таптырмас дереккөзіне айналды.
«Равиль ағаның Қазақстан мұнайы жайлы жазған үш үлкен еңбегі бар. Ондай егжей-тегжейлі жазылған мұнай тарихы әлі еш жерде жоқ. Бұл – болашақ ұрпақ үшін баға жетпес мұра», – дейді Ұзақбай Қарабалин.
Равиль Шырдабаев – қызметке берілгенімен, отбасына да айрықша мән берген жан. Қаншама жыл ел қызметінде жүріп, отағалық міндетін де мінсіз атқарған.
«Жоғары лауазымда жүрген адам үй ішіне уақыт бөле алмайтыны рас. Бірақ Равиль аға отбасы мен жақындарын ешқашан назардан тыс қалдырмаған. Үлкен зейінмен қарайтын», – дейді әріптестері.
Сексен бес жас – біреуге жай ғана сан. Ал Равиль Тәжіқараұлы үшін – ғұмыр бойы елге, жерге сіңірген еңбектің межесі. Ол – өзінің өнегелі жолымен кейінгіге үлгі бола білген, елімен бірге жасасып келе жатқан бірегей тұлға.