Қырық жыл трактор тізгіндеген Гүлсім
– Трактор тізгіндеуге деген қызығушылығым мектеп қабырғасында оянды. Осылайша мектеп бітіре салысымен комсомол жастар бригадасына қарапайым қол жұмысшы болып қызмет еттім. Сол уақытта қыз бала екеніме қарамастан трактор тізгіндей бастадым. Ауыр техниканы басқара отырып, егін басында бидай да күріш те ектік. Ол уақыттары да тракторды кім көп уақыт басқарады, соған сай басшылықтың ұсынысымен жоғары марапаттар алып, жұлдыз тағатын. Сол жұлдызды алу үшін таңның атысы мен күннің батысы егістік басында шаршамай жұмыс істедік. Бүгінде Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығында күріш бригадирі болып еңбек етемін. Қарамағымда бірнеше техника бар. Көктем басталысымен жер жыртып, күріш егеміз. Еккен күрішті сәбидей мәпелеп, 40 күн баптаймыз. Міне, осы 40 жылғы еңбегімнің арқасында 2017 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерең еңбегі үшін» медалі берілді. 2023 жылы аймақ басшысының қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталдым.
Былтырғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліндегі жұмыс сапары барысында еңбек адамдарымен кездескенде менде өз пікірімді білдірген болатынмын. Біз сияқты көзге көрінбейтін еңбек адамдарын елеп, құрметтеп жатқан баршаларыңызға мың алғыс, – дейді Гүлсім Әбілқасымқызы.
Фото: Ауыл шаруашылығы және
жер қатынастары басқармасы