«Елбасы» сөзі президенттік емтиханнан алынып тасталды
Қазақстанда дене даярлығы бойынша президенттік емтиханның атауынан «Елбасы» атауы ресми түрде алынып тасталды, деп хабарлайды Orda.kz.
Енді құжаттың атауы — «Қазақстан Республикасы халқының дене даярлығы деңгейін анықтау үшін президенттік тестілер өткізу қағидаларын бекіту туралы» болады. Бұған дейін атауда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аты аталған. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерін өткізу қағидаларын бекіту туралы» деп жазылған еді.
Бұл өзгерістер 12 маусымдағы туризм және спорт министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен бекітілді. 16 маусымнан бастап күшіне енді. Айта кетейік, президенттік емтихандар бұрынғыдай медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ балаларға, жастарға және ересектерге арналған.
«Елбасы» мәртебесі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өмір бойы артықшылықтар берген еді. Атап айтар болсақ, қылмыстық жауапкершіліктен «иммунитет», өзі мен отбасы үшін елеулі материалдық және әлеуметтік кепілдіктер мен қауіпсіздік кеңесін басқару құқығы.
Фото: Ашық дереккөзден