Халықаралық деңгейде танылып жүрген опера әншісі Әйгерім Алтынбек әлемге әйгілі Италиядағы «Ла Скала» театры академиясында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Бұл – әлемдегі ең беделді опера оқу орындарының бірі саналады.

Бейнежазба арқылы өткен алдын ала іріктеуге 400-ден астам үміткер қатысқан. Олардың ішінен 12 үздік орындаушы таңдалып алынды. Солардың қатарында Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тумасы  Әйгерім Алтынбек те бар.

Халықаралық вокалдық байқаулардың лауреаты- Әйгерім Алтынбек бұған дейін танымал композитор Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына арналған халықаралық байқауда жеңімпаз атанып, Николай Гяуров атындағы байқауда ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген 470 қатысушы бақ сынаған Рената Тебальди атындағы халықаралық конкурста II орынға ие болып, атақты Мирелла Френидің арнайы сыйлығымен де марапатталған.

Оған қоса, 25 маусымда өтетін әлемге танымал тенор Хосе Каррерастың концертінде Әйгерім Алтынбек өнер көрсетеді. Бұдан бөлек, 27–28 маусым күндері Италияның Неаполь қаласында өтетін Андреа Бочеллидің мерейтойлық концертіне қатысып, аты аңызға айналған тенормен бір сахнада өнер көрсетеді.

Бұл — тек жеке жетістік емес, мемлекетіміздің жас таланттарды қолдауға бағытталған ауқымды жұмысының нәтижесі.

Айта кетейік, Әйгерім Алтынбекқызы 1996 жылы Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 2012 жылы Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түсіп, кәсіби өнер жолын бастаған. Кейін Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында «Классикалық ән салу» мамандығы бойынша жоғары білім алған.

Осы уақытқа дейін ол республикалық және халықаралық деңгейдегі бірқатар вокалдық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, өз дарынымен Қазақстан атын әлемдік сахнада танытып келеді.

Фото: Қармақшы ауданы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *