25 маусымда Ресей соты Қазақстан азаматы Тұран Устюгевке үкім шығарды. Алматы қаласының 19 жастағы тұрғынына Ресей билігінің мәліметі бойынша, Украина жағында соғысқа қатыспақ болды деген айып тағылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Келесі күні Orda.kz редакциясына оның анасы Эльмира Жаңабаеваға хабарласып, ұлының оқиғасының егжей-тегжейін білді.

Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ) Тұран Устюговті 2024 жылғы 2 қазанда ұстаған. Ресей билігінің мәлімдеуінше, 19 жастағы алматылықтың телефонынан Украина қарулы күштерінің құрамындағы «Азов» бригадасы мен «Орыс еріктілер корпусы» ұйымына қосылуға арналып толтырылған анкета табылған. Бұл ұйымдар Ресейде террористік ұйым ретінде танылып, Устюговқа «Террористік әрекетке қатысу үшін оқудан өтті» және «Террористік ұйым қызметін ұйымдастыру және оған қатысу» баптары бойынша айып тағылған. Алғашқы бап бойынша 7 жыл, екінші бап бойынша 10 жыл берілгенімен, жазалар жиынтығы ретінде сот оны 12 жыл түрмеге тоғытуға үкім шығарған.

Алайда Тұранның анасы Эльмира Жаңабаеваның айтуынша, мұндай ауыр айыптауға негіз жоқ. Ол ұлы ешқандай әскери оқудан өтпегенін, ешбір әскери құрылымға кірмегенін айтады. Тіпті, оның сөзінше, Тұран жасы бойынша ересек болса да, психологиялық тұрғыдан әлі де жасөспірім мінезінен арыла қоймаған.

«Оның балалық шағы оңай болмады, жасөспірім кезінде де көп қиындық көрді. 15 жасында әкесі қайтыс болып, Тұран оны өте ауыр қабылдады. Мүмкін, оған менің, анасының, қамқорлығы жетпей қалған шығар. Менің төрт балам бар, олардың бірі – Тұранның інісі – нашар естиді. Сол баламды емдету үшін Ресей мен Қытайға апарумен болдым. Өзімше қалған балаларға да көңіл бөлдім деп ойлайтынмын, бірақ бәлкім жеткіліксіз болған шығар», – дейді анасы.

Эльмира Тұранның жақсы оқығанын айтады: мысалы, колледжде қаржы мамандығы бойынша қызыл диплом алу үшін оған аз ғана ұпай жетпей қалған. Екінші жағынан, анасы ұлының бойында ересек адамға тән емес, жасөспірімге тән оғаш мінездер болғанын байқаған. Мысалы, шамамен 16 жасында өзін суретке түсіруге үзілді-кесілді тыйым салған. Сол себепті интернеттегі фотоларында ол бала кейпінде көрінеді – себебі, расымен де ол әлі бала болатын.

Украинада соғыс басталғанда, Тұран ашық түрде украиндықтарды жақтаған ұстаным білдіре бастаған. Анасы мұны жасөспірімдік қиялдың көрінісі деп түсіндіреді.

«Біз бұл соғысқа бейтарап қараймыз. Өйткені біз ол елдердің азаматы емеспіз. Мен оған бұл – біздің соғыс емес, біз өз өмірімізді сүруіміз керек деп түсіндіруге тырыстым. Бірақ ұлым мені тыңдамады. Көздері жанып тұратын», – дейді Эльмира Жаңабаева.

Өткен жылы ол ұлының бейтаныс адамдармен хат алмасып жүргенін байқапты.

«Басында VK желісінде отырды, сол жерде біреулермен хат жазысатын. Көп уақытын сонда өткізетінін байқадым. Мен оған бұның маған ұнамайтынын айттым. Кейін сол адамдар Telegram-ға көшті, чатта түрлі боттар болды. Мен Тұран кіммен сөйлесіп жүргенін түсіну үшін сол чаттардың біріне кіріп көрдім. Сонда адамдарды соғысқа үгіттеп жатқанын байқадым. Онда түрлі елдер мен өңірлерден адамдар отырды».

Чаттағы үгіт Украина жағында соғысқа баруға бағытталғандай көрінгенімен, Эльмира олардың украиндық әскер немесе арнайы қызмет нақты сеніммен айта алмады.

«Ол жерде украиндық арнайы қызмет болды ма, әлде ресейлік пе, тіпті жай алаяқтар ма – нақты білмейміз. Қазір бұл істің шындығына жете алмай отырмыз. Мен бұл чаттарды ҰҚК өкілдеріне көрсеттім, олардың ұлыма ықпал етіп жатқанын айттым. Бірақ кейін маған чаттарды бұғаттау туралы шешімді тек Жоғарғы сот қабылдайтынын түсіндірді. Ал жабылған чаттардың орнына жаңалары ашыла береді екен».

2024 жылғы қыркүйек айының соңында Тұран Устюгов Оңтүстік Кореяға ұшуы тиіс еді. Эльмираның айтуынша, ол ұлын басқа елге жіберіп, не жұмыс істесін, не оқысын, ең бастысы – соғыс туралы ойлардан арылсын деген ниетпен осындай шешім қабылдаған. Ұшаққа билет те алынған, өгей әкесі Тұранды Алматы әуежайынан шығарып салуы керек болған. Алайда Тұран әуежайға бармаған, анасы мен туыстарының қоңырауларына да жауап бермеген. Кейін белгілі болғандай, Тұран басқа әуежайға кеткен.

«Сөйтсек, ол қашып кеткен екен. Алдымен Бішкекке барып, одан Мәскеуге ұшып, кейін автобуспен Қырымға өткен. Ол бір тапсырма алғанын айтқан. Біз онымен тек Қырымда жүргенінде байланысқа шықтық. Сол кезде ол қатты шаршағанын айтып: «Маған бұл соғыс не үшін керек? Анашым, кешір мені, үйге қайтқым келеді», – деді. Мен оған дереу бірінші рейспен қайт дедім. Бірақ ол ақыры Қырымға келген соң, бір көріп, аралап шығайын деді», – деп еске алады Эльмира.

Көп ұзамай ФҚҚ Тұранды Симферополь қаласында ұстап, оның телефонынан әлгі анкеталарды тапқан.

«Оның жасаған жалғыз әрекеті – соғысқа қатысу үшін анкета толтырғаны. Қолына қару алмаған, ешкімді өлтірмеген, ештеңені өртемеген. Шын мәнінде, менің ұлым өте жұмсақ мінезді адам. Бұл – кәдімгі жасөспірімдік максимализм болды. Өз-өзіне бірдеңе дәлелдегісі келді. Бірақ қайда бара жатқанын түсінгенде, үйге қайтқысы келген. Бірақ кеш болды – оны ұстап алды».

Сотқа дейін Тұран Устюгов Ростов-на-Донудағы ФҚҚ-ның тергеу изоляторында болды. Бұл – арнайы қызметке қарайтын жабық мекеме болғандықтан, байланыс шектеулі. Эльмира ұлымен тек адвокаттар арқылы байланыста болған. Алғашқы жалдаған ресейлік адвокат оны 450 мың рубльге (қазіргі бағаммен шамамен 3 млн теңге) алдап кеткен. Кейін көмектескен басқа адвокаттар адал болып шыққан.

«Қазір ол көбіне Інжілді оқиды, Құдайға үміт артады. Ол жасаған әрекетінің үлкен қателік екенін түсінді. Ол тәубесіне келіп, менен кешірім сұрады», – дейді анасы.

Сот үкіміне қарамастан, Тұранның анасы үмітін үзбейді. Ол ұлы ауыр қылмыс жасамағандықтан, кешірілуі мүмкін деп сенеді.

«Мен Ресей президентіне жүгінгім келеді: Путин мырза, ұлымды кешіріңізші! Ол өз сабағын алды. Оған мүмкіндік беріңіз. Менің ұлым – аңғал, бірақ Ресейге зиян келтіре алатын адам емес. Оның өмір сүргісі келеді», – дейді Эльмира Жаңабаева.

Ол бұл өтініші міндетті түрде Ресей президентіне жетеді деп сенеді.

Коллаж: Orda.kz

 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *