Қызылордадағы Қазалы ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыстық жұмысшы топ мүшелері жұмыс сапарымен болды. Іс-сапар барысында Қазалы қаласындағы жеке кәсіпкер Райс Валиевтің тоған шаруашылығымен танысты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Жоба Қазалы қаласындағы Құрманай каналының бойында орналасқан. Қазіргі уақытта кәсіпкер 5 гектар аумаққа тоған қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жоба – аудан көлемінде тауарлы балық шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

Жеке кәсіпкер Райс Валиев алдағы уақытта кооператив құру арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алуды жоспарлап отыр. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда тоғанда сазан балығын өсіріп, оны нарыққа тауарлық бағытта ұсыну көзделген. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және аудан экономикасын дамытуға елеулі үлес қосады деп күтілуде.

Шаруашылықтың қазіргі жағдайымен танысқан облыстық жұмысшы топ мүшелері жобаға оң бағасын беріп, қажетті әдістемелік және кеңестік қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Сапар барысында кәсіпкерге кооператив құру жолдары, балық өсірудің технологиялық ерекшеліктері, мемлекеттік қолдаулар мен қаржыландыру тетіктері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы тұрғыда Қазалы ауданындағы тоған шаруашылығының қолға алынуы — бағдарламаның нақты іске асқан үлгісі болмақ.

Жоба толық іске қосылған жағдайда Қазалы өңірінде балық шаруашылығының жаңа кезеңі басталып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынылатын болады.

Фото: Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы

мен жер қатынастары бөлімі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *