«Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Астанада Елорда күні қарсаңында және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында журналистер мен блогерлер арасында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
15 мамыр мен 30 маусым аралығында өткізілген байқауға 118 журналист, блогер және шығармашылық тұлғалар қатысып, 130-дан астам материал ұсынылған болатын.
Салтанатты жиында «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағынов сөз сөйлеп, ел Президенті жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының маңызын атап өтті.
«Еліміздің өндіріс, ауыл шаруашылығы және өзге де секторларындағы жұмысшы мамандықтардың маңызы зор. Әсіресе, қаламыздың тазалығы үшін таңмен таласа еңбек етіп жүрген жол жұмысшыларының үлесін ерекше атап өткім келеді. Тазалық – тек санитарлық ұғым емес, бұл – сана мен тәрбие. Таза сана — таза қала, яғни қоғамның тазалыққа қатысты ойын, пікірін, жауапкершілігін саналы түрде өзгертуге жұмыс істеуіміз керек. БАҚ өкілдерінің осы бағыттағы еңбегі – қоғамның санасына тазалық ұғымын сіңіруге бағытталған маңызды қадам», – деді ол.
Оның айтуынша, биылғы байқауға қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Бұл қоғамда экологиялық мәдениет тақырыбының өзектілігі жоғары екенін және бұқаралық ақпарат құралдарының оған белсенді түрде үн қосқанын аңғартады.
Қазылар алқасының құрамында ақпарат саласының танымал өкілдері болды. Комиссия төрағасы Мұхит Ықылас бастаған қазылар авторлардың еңбегін тақырыптың өзектілігі мен қоғамдық маңыздылығына, материалдың тереңдігі мен шынайылығына, жазу стилі мен құрылымының сапасына, авторлық көзқарас пен шығармашылық ерекшелігі сияқты критерийлер бойынша бағалады.
Осы байқауға Elorda aqparat медиахолдингінің журналистері де атсалысып, жүлделі орындарды жеңіп алды. Атап айтсақ, «Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы бойынша «Астана ақшамы» басылымының тілшісі Ержан Қожас жүлделі І орынға ие болса, Elorda info желілік басылымының тілшісі Салтанат Мұратқызы «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы бойынша ІІ орынды иеленді. Ал «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Екатерина Тыщенко «Астана Тазалық» компаниясының бас директоры атынан арнайы сыйлыққа ие болды.
Айта кетейік, «Астана Тазалық» ЖШС бұл байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп, экология, еңбек адамы және қаланың көркейуіне үлес қосып жүрген журналистердің шығармашылығын қолдауға мүдделі.
Фото: Сұлтан Сейітов