Қазақстанның батысында киіктерді ату жұмыстары басталды
Батыс Қазақстан облысында киіктер санын реттеу жұмыстары ресми түрде басталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазақстанда киік популяциясын реттеу жұмыстары қайта басталды. Ведомство мәліметіне сәйкес, бұл шаралар 2025 жылғы қараша айының соңына дейін жалғасады. Киік санын бақылау және экожүйедегі тепе-теңдікті сақтау мақсатында 40-қа жуық маман тартылып, 4 арнайы бригада жасақталған. Әр бригада 3 техникамен жабдықталған, жалпы саны 12 техника жұмылдырылған.
2025 жылы жүргізілген авиациялық есепке сәйкес, Батыс Қазақстан облысы аумағындағы киіктердің жалпы саны 2,3 миллион басқа жеткен. Ғалымдар әзірлеген биологиялық негіздеме бойынша бұл популяцияға зиян келтірмей, тек 20 пайызына дейін – яғни 460 мың басқа дейін ғана реттеу жүргізуге рұқсат етілген. Бұл көрсеткіш табиғи тепе-теңдікті сақтау және ғылыми зерттеу нәтижелері негізінде белгіленген.
Киіктерді ату арқылы алынған ет арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Мамандардың айтуынша, киік популяциясының шектен тыс өсуі ауыл шаруашылығы жерлеріне елеулі залал тигізіп, экожүйеде тепе-теңдіктің бұзылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан да бұл реттеу жұмыстары қолданыстағы заңнамалар мен экологиялық талаптарға толықтай сай жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Қазақстанда киік ату 2024 жылдың ақпан айында уақытша тоқтатылған болатын. Ол кезде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл шешім отандық ғалымдар мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен жан-жақты талқылаудан кейін қабылданғанын хабарлаған еді. Министр сол уақытта киік санының тағы 40 пайызға көбеюі мүмкін екенін ескерткен.
Фото: Ашық дереккөз