Су шаруашылығы мамандарының жалақысы өседі
Бүгінде су саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметкерлердің жалақы деңгейі 25%-ға (163 мыңнан 204 мың теңгеге дейін) ұлғайды және қазіргі уақытта ол орташа есеппен 204 мың теңгені құрайды.
Бұл ретте Министрлік 2024 жылғы желтоқсаннан бастап су саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруға қатысты «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңына өзгеріс пен толықтыру енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, мемлекеттік органдармен, аккредиттелген ұйымдармен, «Атамекен» ҰКП-мен және барлық мүдделі тұлғалармен келісілген тиісті түзету әзірленді. ҚР Үкіметінің оң қорытындысы алынды.
Сонымен қатар биылғы наурыз айында Мәжіліс депутаттары мақұлдап, «Аквамәдениет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын Сенатқа жолдады. Осы түзетулерді қабылдау 2025 жылдың екінші жартыжылдығында су саласы қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға — 305 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар салаға жоғары білікті мамандарды тартуға жағдай жасайды деп күтіледі.
Айта кетейік, су саласы мамандары Қытайда біліктілікті арттыру курстарынан өтуді бастады.
Фото: Н.НҰРЖАУБАЙ