Жаназа кезінде ас беруге тыйым салынды
Әзербайжанның кейбір өңірлерінде ақсақалдар жаназада дастарқанды ас та төк етіп жаймай, тек шаймен шектеу туралы бастама көтерді. Бұл шешім – қаралы жиындар кезінде ысырапшылдық пен көзбояушылыққа жол бермеу мақсатында қабылданған, деп хабарлайды El.kzинтернет порталы.
Oxu.Az мәліметінше, бұған дейін Әзербайжанда қайтыс болған адамды еске алу рәсімдерінде мол дастарқан жайылып, түрлі ет тағамдары мен тәттілер ұсынылатын. Алайда көпшіліктің пікірінше, бұл дәстүр қаралы көңіл күйге сай келмейтін, әрі кей отбасылар үшін ауыр қаржылық жүктеме болатын.
Атап айтқанда, Саатлы ауданында жергілікті ақсақалдар дастарқанды мол жаю дәстүрінен бас тартып, қаралы жиындарды тек шай ішу форматына көшіру туралы шешім қабылдады. Мұндай бастамалар қазіргі уақытта Әзербайжанның өзге өңірлерінде де қолға алынуда.
Дәстүрлі түрде Әзербайжандағы жаназа дастарқанына палау, долма сынды ет тағамдары, түрлі тәттілер мен сусындар – жеміс шырындары, қара және жеміс шайлары, минералды су ұсынылатын. Алайда соңғы уақытта үрдіс өзгеріп, жаназа дастарқаны қарапайым, рухани мазмұнға көбірек басымдық берілуде.
Фото: Арман Мухатов