Қазақстандықтар мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуына байланысты 372 млрд теңгеден астам жәрдемақы алды
Қазақстанда 2025 жылдың басынан бері мүгедектігі бар азаматтар мен асыраушысынан айырылған тұлғаларға жалпы көлемі 372 млрд теңгеден астам әлеуметтік қолдау көрсетілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, биылғы қаңтар мен маусым аралығында республикалық бюджеттен мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайына арналған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге 327,5 млрд теңге бағытталған.
Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша 44,8 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем жүргізген.
Әлеуметтік қолдаудың бұл түрлері азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және табыс көзінен айырылған жағдайда материалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.