«Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін»
«Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін». Осындай атаумен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай кітап жарық көрді. Бұған Абай облысы, Абай ауданының әкімшілігі мен «Абай-Жидебай» қоры тапсырыс берген. Кітапта Абайдың әдет пен ғұрыпты, халықтың өмір сүру салтын зерттей отырып, қазақ қоғамына қажетті заңдарды жазғаны толық баяндалады.
«Мына кітаптың берері көп. Осы кітаптағы билерді, олардың ұстанымдарын, қағидаттарын жоғары оқу орындарына дәріптеу керек. Қолдағы бар дүниені іске асыра білу қажет. Біздің қазақтың билерінің бітік кесімдері, күрделі істерде әділетті шешімдері дәріптелген және үш тілде жарық көрген. Сондықтан кітап авторы Өмірсерік Қожабаев бауырыма осындай керемет дүниені оқырманға ұсынғаны үшін алғыс айтамын», -деді филология ғылымдарының докторы Серік Негимов.
Кітап жайында «Қазақ тарихи қоғамы» ҚБ Басқарма Төрағасы Радик Теміреалиев: — Бұл тарихи тәжірибе қазіргі қазақстандықтар үшін маңызды практикалық және моральдық мәнге ие. Сондықтан қоғамдағы салауатты күштерді шабыттандыра алатын тарихи деректерді өзектендіріп, кеңінен насихаттау аса маңызды. «Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін» кітабы бұл ағартушылық миссияны толықтай орындайды, -деді.
Аталған еңбекте қазақ даласындағы от ауызды орақ тілді баба билердің, дала заңын ұстанудағы ұтымдылығы, тапқырлығы суреттеледі.
Кітапты ҚР Жоғарғы Сотының Құрметті судьясы, заңгер Өмірсерік Қожабаев үш тілде жазылғанын айта келіп, Абайдың тағы бір қырын дәріптеуге үлес қосқанын тілге тиек етті.
Абай шығармашылығына оның жүріп өткен жолына тереңдеп үңілу –жас ұрпақтың санасын оятып, келешегін жарқын етеді деген ойда болдым. Сондықтан қалам ұстап, Абайдың тағы бір қырын ашуға тырыстым. Әрине, Шоқанның еңбектеріне де жүгінуге тура келді. Қалай десек те Абайды толық ашуға ғана жұмыстандым. Қалғанын ойлы орқырман өздері бағалар деген үміттемін, -деді кітап авторы.