Бедеулік белең алды, туу көрсеткіші төмендеді
Қазақстанда туу көрсеткіші күрт төмендеп барады. Ал сарапшылар дабыл қағуда,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда 77,3 мың нәресте дүниеге келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,8%-ға аз. Елдегі жаңа туған сәбилердің саны бірнеше жылдан бері тұрақты түрде кеміп келеді. Мәселен, 2021 жылы — 446,5 мың, 2022 жылы — 403,9 мың, 2023 жылы — 388,4 мың, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 365,9 мыңды құрады.
Бала туу көрсеткішінің төмендеуі тек абсолютті сандармен емес, туу коэффициенті арқылы да байқалады. Халықтың әр 1000 адамына шаққандағы туу коэффициенті 2020 жылы 22,8 болса, 2021 жылы 23,5-ке дейін өскен. Алайда содан бері төмендеу үрдісі тұрақты сипат алды: 2022 жылы — 20,6, 2023 жылы — 19,5, 2024 жылы — 18,2, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 15,4-ке дейін түсті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 18,3 болған еді.
Өңірлер бойынша ең жоғары туу көрсеткіштері Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркелді — әрқайсысында 21,3, ал Шымкентте бұл көрсеткіш 19,7-ні құрады. Ең төменгі деңгей Солтүстік Қазақстан (8,5), Қостанай (9,5) және Шығыс Қазақстан (9,6) облыстарына тиесілі болды.
БҰҰ болжамдарына сәйкес, алдағы онжылдықта да Қазақстандағы бала туу деңгейінің төмендеу үрдісі жалғасын табуы мүмкін. 2025 жылы бұл көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 19-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Ал 2034 жылға қарай бұл көрсеткіш 17,6-ға дейін азаюы ықтимал. 2043 жылы көрсеткіштің сәл де болса қалпына келіп, 18,1-ге жетуі мүмкін, алайда одан кейін қайта құлдырау басталып, 2100 жылы туу коэффициенті небәрі 11,4-ті құрауы ықтимал.
Сарапшылар бала туу көрсеткішінің төмендеуіне бірқатар әлеуметтік-экономикалық және медициналық себептерді алға тартады. «Қазақстан балалары» ресурсының мәліметінше, тұрғын үй, білім беру мен медициналық қызметтердің қымбаттауы отбасылардың қаржылық мүмкіндіктерін шектеп, бала өсіруді қиындатып отыр. Сонымен қатар, қазіргі жастар мансап пен өзін-өзі дамытуды бірінші орынға қойып, отбасын құру мен бала сүюді кейінге қалдыруда. Әйелдердің басым бөлігі әуелі жоғары білім алып, кәсіби жетістікке жетуді көздейді.
2024 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сәйкес, ел азаматтарының 3,9%-ы мүлдем балалы болғысы келмейді. 51,3%-ы бір немесе бірнеше баласы болғанымен, енді бала сүюді жоспарламайды. Респонденттердің 11,3%-ы бір баламен шектелмек, 13%-ы екі, 9,1%-ы үш, ал 10,5%-ы төрт немесе одан да көп балалы болуға ниетті.
Қала мен ауыл халқы арасында да айырмашылық бар. Қала тұрғындары арасында бала сүюден мүлдем бас тартқандар — 4,5%, ауылдықтар арасында — 3%. Сондай-ақ қала тұрғындарының 52,4%-ы, ауыл тұрғындарының 49,5%-ы балалы болғанымен, тағы да балалы болуды жоспарламайды.
Туу деңгейінің төмендеуіне медициналық себептер де әсер етіп отыр. Соңғы жылдары бедеулік диагнозы қойылған адамдар саны артып келеді. 2024 жылдың алғашқы жартысында мұндай диагноз 29,1 мың әйел мен 102 ер адамға қойылған. Салыстырар болсақ, 2019 жылы бұл көрсеткіш тиісінше 10 мың және 36 адамды құраған.
Мамандардың пікірінше, егер мемлекет тарапынан тиімді шаралар қабылданбаса, Қазақстан алдағы жылдары күрделі демографиялық қиындықтарға тап болуы мүмкін.
/фото ашық дереккөзден алынды