Қостанай қаласындағы мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналардың мәселесі жылдан-жылға күрделеніп барады. Деректерге сүйенсек, 2025 жылдың шілде айындағы статистика бойынша 747 көпбалалы отбасы үй кезегінде тұр. Алайда, биыл оларға арналған 5 пәтер ғана қарастырылған. Бұл – мемлекетіміздің демографиясына үлес қосып отырған әлеуметтік осал топқа жасалған әділетсіздік деп дабыл қақты аналар.

Мемлекеттен берілетін пәтер саны жылдан-жылға қысқарып бара жатқан сыңайлы. Алты баланың анасы, Қостанай қаласының тұрғыны Ақмарал Жабаева: – Мен 2021 жылдың 5 мамырынан бастап үй кезегіне тіркелдім. Сол жылы 265-орында едім, енді ғана 56-орынға жеттім. Бұл үш жыл ішінде небәрі 90 адамға ғана алға жылжығанымды білдіреді. 2021, 2022, 2023 жылдары бар болғаны 30 пәтерден бөлінді. Тек 2024 жылы ғана 100 пәтер берілді. Бұл – 2019-2020 жылдары карантин салдарынан тоқтап қалған құрылыстардың аяқталуымен байланысты болды», – дейді.

2025 жылға бөлінген пәтер саны көпбалалы аналардың үмітін одан әрі су сепкендей басып отыр. Осыған байланысты Қостанай қаласында баспана мәселесіне қатысты аналардың жанайқайы «Respublica» партиясының назарынан да тыс қалмады.

Қостанай облыстық «Respublica» партиясының төрайымы Манара Амангелдіқызы көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылармен кездесіп, олардың арыз-талаптарын тыңдады. Бұл мәселені шешуде «Отбасы банк» пен Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімімен бірлескен талқылау ұйымдастырылды. Талқылау барысында бөлімнің бас маманы Болат Арыстанов ұсынған статистикалық деректер назарға алынды.

– Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл тек 58 пәтер ғана беріледі, оның ішінде көпбалалы аналарға небәрі 5 пәтер қарастырылған. Бұл дегеніміз – әр санатқа пропорционалды бөлінгеннің өзінде, бізге тиесілі үлес жоқтың қасы. 58 пәтерге ғана қаржы бөлінді деген сөзді естігенде, шын мәнінде, мазақ көргендей болдық. Неліктен жыл басында 256 пәтер беріледі деп айтылып, қазір ол сан 58-ге дейін қысқарып отыр? Бұл сұраққа нақты жауап беріп жатқан ешкім жоқ, – дейді көпбалалы аналар ашынып.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте барлығы 15021 адам тіркелген.  Бас маман Болат Тұрғанбайұлының айтуынша, азаматтар үшін тұрғын үйге қол жеткізудің ашық әрі әділ тетіктері заңмен бекітілген.

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2024 жылғы 22 қарашада енгізілген өзгерістер негізінде кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі «kezekte.kz» 2025 жылғы 17 маусымнан бастап жұмысын тоқтатқанын айтты.

Тұрғын үй алу кезегін жүргізу функциясы әкімдіктен «Отбасы банк» АҚ-ға  2025 жылғы 24 мамырдан бастап берілді. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың барлық қолданыстағы дерекқоры 2025 жылғы 17 маусымнан бастап «Отбасы банк» АҚ-ға тапсырылғанын барлық өтінімдер orken.otbasybank.kz порталы арқылы қабылданатынын жиын барысында нақтылады.

Кезекке тұру шарттары қарапайым: соңғы 5 жылда тұрғын үйінің болмауы немесе жалғыз баспанасы апатты деп танылған болуы тиіс. Жеңілдетілген бағдарламалар арқылы табысына қарай субсидия, арендалық үй немесе төмен пайызды ипотека ұсынылады. Алайда, осы жүйелердің барлығы көпбалалы аналар үшін нақты нәтиже беріп отыр ма?

Қостанайдағы көпбалалы аналардың даусы – жалғыз аналардың емес, бүтін қоғамның болашағына алаңдаушылық. Олардың үміті – баспана мен шаршы метрге ғана байланысты  емес, бұл – мемлекеттің әділдігі мен құрметін күте-күте шаршап, ашынған жұрттың зары.

Нұрай НҰРБОЛАТҚЫЗЫ, «Respublica» партиясының баспасөз қызметі

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *