Президент Jastar Fest форумына қатысушыларға үндеу жолдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық жастар күніне арналған Jastar Fest форумына қатысушыларға үндеу жолдады, деп хабарлады FASTNEWS.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
«Құрметті жастар, форумға қатысушылар! Қадірлі қауым! Халықаралық жастар күні баршаңызға құтты болсын!
Бұл – мән-мағынасы ерекше мереке. Бүгін осында нағыз отаншыл, дарынды және жанашыр жастар жиналды. Түрлі кәсіпті меңгерген азаматтар бас қосып отыр.
Халқымыз қашанда талапты жастарды қолдаған. «Ақыл – жастан» деп, оларға зор сенім артқан.
Сіздер барлық салада белсенді түрде еңбек етіп жатсыздар. Волонтер ретінде мұқтаж жандарға көмек беріп жүрсіздер. Маңызды бастамаларға, экологиялық іс-шараларға атсалысып, қолдау көрсетіп келесіздер. Спорт, білім сайыстарында топ жарып, елдің абыройын көтеріп жүрсіздер.
Осылайша, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құруға нақты үлес қосып жатсыздар. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!
Жастар форумы Павлодар қаласында өтіп жатыр. Бұл аймақ – ұлт руханиятын байытуға өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті тұлғалардың мекені. Сондай-ақ Павлодар – еліміздегі өнеркәсіп орталығының бірі. Облыстың экономикамызды өркендетуге қосқан үлесі зор.
Аймақ тұрғындары өндіріс, шаруашылық және басқа да салада адал еңбек етуде. Елімізді көркейтуге атсалысуда.
Жастарымыз олардан үлгі-өнеге алып, облысты одан әрі дамытып, жаңа мақсаттарға жету үшін қызмет етуі керек.
Еңбекқорлық пен білімпаздық, жанашырлық пен жауапкершілік – ең асыл қасиеттер.
Биыл – Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы. Осыған орай, біз ауқымды шараларды қолға алдық. Елімізде еңбек адамына әрдайым ерекше құрмет көрсетілуі керек.
Мұны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды, себебі, еңбек – әрбір адамның өмірінің тұғыры, қозғаушы күші. Еңбексіз ешқандай даму, өркендеу болмайды. Бұл бастаманың мән-маңызы да – осында»,- делінген Президент үндеуінде.
Фото: akorda.kz