Қызылорда облысында жиырмадан астам ауыл ішімдіктен бас тартты
Қызылорда облысында тұрғындардың бастамасымен жиырмадан астам ауыл алкогольді сусын сатуды тоқтатты. Бұл игі істің негізгі мақсаты – жастарды жаман әдеттен қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау және ауылдағы тәртіп пен тыныштықты нығайту, деп хабарлайды BAQ.KZ 24KZ арнасына сілтеме жасап.
Жақында Жалағаш ауданының Таң және Еңбек ауылдары да бастаманы қолдап, жергілікті дүкен иелері ішімдік сатуға рұқсат беретін лицензиядан өз еркімен бас тартты.
Таң ауылы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Әлеуметтік нысандар салынып, саябақтар мен инфрақұрылым жүйелері жаңартылған. Тұрғындар да ауылдың үлгілі келбетін сақтауға атсалысуда.
Ауыл тұрғындары арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, 97 пайызы алкоголь сатылмауын қолдайтынын білдірген. Бұл бастама жергілікті жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа, мәдени іс-шараларға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік беріп отыр.
Құзырлы органдардың дерегінше, қазірдің өзінде өңірде жиырмадан астам елді мекенде алкоголь саудасы тоқтатылған. Мамандар мұны қоғамдық денсаулық пен құқық бұзушылықтың алдын алудағы оң қадам деп бағалауда.
Фото-Коллаж: Ашық дереккөзден