Қызылорда: Шиеліде Оқушылар үйі мен Өнер мектебі ашылды
Қазақстан Республикасының Конституция күні мен Білім күніне орай Қызылорда облысының Шиелі ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі ашылды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан тұрғындарын құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Биыл ел тәуелсіздігінің берік тұғыры, зайырлы егемендігіміздің негізі саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толды. Өңірімізде Президентіміздің тапсырмасын орындауға, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған жүйелі жұмыс атқарылуда.
Бүгін Өздеріңізбен жаңа оқу жылы қарсаңында шежірелі Шиеліде 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» ашылуында бас қостық. Жалпы құны 1 млрд 68 млн теңге болатын жаңа «Оқушылар үйінде» 28, «Өнер мектебінде» 8 үйірме жас ұрпақтың жан-жақты азамат болып қалыптасуына қызмет етпек.
Білім мен өнердің ордасына айналатын жаңа ғимараттан Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев, шежірелі қаламгер Өркен Исмаил, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мейірбек Сұлтанхан сынды Сыр өңірінің мерейін асқақтатып, атын танытатын дарындылар шығады деп сенеміз! Баршаңызды жаңа нысанның ашылуымен тағы да құттықтаймын!», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында елеулі еңбек еткен азаматтар мен жаңа нысанды сапалы әрі мерзімінде салған мердігер мекеме қызметкерлеріне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов ізгі тілектерін жеткізіп, білім саласының ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Кенжетай Палмағанбетов бата берді.
Ауданға жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы күрделі жөндеуден өткен №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің жұмысымен танысты. «СК и Монтаж-строй» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын мамыр айында бастап, тамыз айында аяқтатады. Мұнда 200-ге жуық мұғалім қызмет етіп, 1 мыңнан астам оқушы білім алады.
Еске салайық, аймағымыздың білім беру саласына соңғы үш жылда 812 млрд. 245 млн. теңге, биыл 346 млрд. 800 млн. теңге қаралды. Қаржыландырудың барлық көзінен өткен жылы 31 млрд. 800 млн. теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. Қосымша білім беру жүйесін дамыту мақсатында үш жылда 4 «Оқушылар үйі» мен 2 «Өнер мектебі» салынып, зияткер жас ұрпақтың игілігіне қызмет етіп келеді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі