Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды
Шақырылушылар келесі әскери құрылымдарға бөлінеді:
• Қарулы күштерге – 10 мыңнан астам;
• Ұлттық ұланға – 7 мыңнан астам;
• ҰҚК Шекара қызметіне – 2 мыңнан астам;
• Төтенше жағдайлар министрлігіне – 300-ден астам;
• Мемлекеттік күзет қызметіне – шамамен 300 сарбаз.
Тек Астананың өзінен биылғы күзгі шақырту науқаны аясында 1000-нан астам жас әскер қатарына жіберіледі.
Биыл әскерге шақыру рәсімі халық үшін барынша ашық әрі ыңғайлы форматта ұйымдастырылған. Шақырылушыларға жеке шақырулар және 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарламалар жолданады. Сонымен қатар Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің электронды поштасы мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы азаматтар қажетті ақпаратты жылдам әрі ашық ала алады.
Астананың Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, полковник Ғани Артықовтың айтуынша, мұндай шаралар халықпен тиімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
Департамент басшысының орынбасары, полковник Әнуар Әубәкіров мерзімді әскери қызметтің артықшылықтары мен соңғы жылдары енгізілген жаңашылдықтарға тоқталды.
Негізгі шаралар қатарында:
• Несие каникулы: 17 мыңнан астам мерзімді әскери қызметшілер жалпы сомасы 6,6 млрд теңгені құрайтын қарыздарын өтеуді кейінге шегеру мүмкіндігін алды. Бұл әскерде жүрген жастарға әлеуметтік және қаржылық тұрғыдан жеңілдік жасайды.
• Жоғары білім алу: Қорғаныс министрлігі елдің 80-ге жуық жоғары оқу орнымен келісім жасап, адал қызметін атқарған мерзімді сарбаздарға 3 мың тегін білім грантын бөлді. Үздік әскери қызметшілер оқу ақысын төлемей-ақ университетке түсе алады.
• Цифрландыру: Әскери есепке алу толықтай электронды форматқа көшірілді. Азаматтар енді egov.kz порталы арқылы әскерге шақырудан босату немесе кейінге қалдыру қызметтерін қағаз құжатсыз рәсімдей алады.
Әскери қызмет – бұл тек міндет қана емес, азаматтық борыш. Мерзімді әскери қызметтен заңсыз жалтарғандар үшін заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Фото: Сұлтан Сейіт