Әлем елдерінде оқу жылының басталу мерзімі әртүрлі. Мәселен, Қазақстан мен көрші мемлекеттердің көбінде оқу қыркүйекте басталса, Азияның кейбір өңірлерінде балалар мектепке көктемде барады. Демалыс мерзімі мен оқу кезеңінің ұзақтығы да әр елдің дәстүрі мен білім беру жүйесіне байланысты ерекшеленеді. El.kz интернет порталы әлем елдеріндегі оқу жылының басталу тәртібін шолып шықты.

Қазақстанда 2025-2026 оқу жылы 2 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады. Білім күніне арналған салтанатты жиынның өткізілу уақыты мен күні әр мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен айқындалатын болады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, бірінші тоқсан 8 аптаға созылады. Күзгі каникул 2025 жылғы 27 қазанда басталып, 2 қарашаны қоса алғандағы 7 күнді қамтиды.

Екінші тоқсан да 8 аптаға жалғасады. Қысқы демалыс 2025 жылғы 29 желтоқсанда басталып, 2026 жылғы 7 қаңтарды қоса алғандағы 10 күнге жалғасады. Сонымен қатар, бірінші сынып оқушылары үшін қосымша демалыс қарастырылған. Ол 2026 жылғы 9 ақпаннан бастап 15 ақпанды қоса алғандағы 7 күнді құрайды.

Үшінші тоқсан 10 аптаға созылып, көктемгі каникул 2026 жылғы 19 наурыздан 29 наурызды қоса алғандағы 11 күнді қамтиды.

Төртінші тоқсанның ұзақтығы 8 апта болып белгіленген. Оқу жылы 2026 жылғы 25 мамырда аяқталмақ.

2025-2026 жаңа оқу жылы Ресейде дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталып, 26 мамырда аяқталады. 27 мамырдан бастап оқушылар жазғы демалысқа шығып, 31 тамызға дейін тынығады.

Жаңа оқу жылындағы негізгі өзгерістердің бірі – оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін азайту. Сонымен қатар Санитарлық ережелер мен нормаларға (СанПиН) түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер білім беру процесін жеңілдетіп, балалардың денсаулығын сақтау мен оқу ортасын қолайлы етуге бағытталған.

Беларусь елінде 2025-2026 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, төрт тоқсанға бөлінеді. Бірінші тоқсан 2025 жылдың 1 қарашасында аяқталады. Төртінші тоқсан 9-11 сынып оқушыларынан басқа сыныптар үшін 2026 жылдың 31 мамырына дейін жалғасады, ал 9-11 сыныптарда ол 25 мамырда аяқталады. Тоқсандар мерзімі мынадай: І тоқсан – 2025 жылғы 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін, ІІ тоқсан – 10 қарашадан 24 желтоқсанға дейін, ІІІ тоқсан – 2026 жылғы 8 қаңтардан 21 наурызға дейін, ІV тоқсан – 30 наурыздан 31 мамырға дейін (9-11 сыныптар үшін 25 мамырға дейін). Каникул мерзімдері: күзгі демалыс – 2025 жылғы 2-9 қараша аралығында, қысқы демалыс – 25 желтоқсаннан 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін, көктемгі демалыс – 22-29 наурыз аралығында, ал жазғы демалыс 2026 жылғы 1 маусымнан 31 тамызға дейін созылады.

Өзбекстанда жаңа оқу жылы биыл 2 қыркүйек, сейсенбі күні басталады. Бұл туралы Мектепке дейінгі және мектептік білім министрлігі хабарлады.

Алғашқы оқу сағатында оқушыларға «Болашақ сағаты» атты сабақ өткізіліп, ол «Отан үшін, ұлт үшін, халық үшін!» ұранымен ұйымдастырылады.

Аталған күні ерекше назар бірінші сынып оқушыларына аударылады. Ел бойынша алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын 738 мыңнан астам балаға «Президенттік сыйлық» аясында мерекелік жинақ табыс етіледі. Оған оқу процесіне қажетті 12 түрлі құрал-жабдық енгізілген.

Бұл салтанатты шара барлық мектептерде бір мезетте ұйымдастырылып, оқушылардың жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алуына жағдай жасалады.

Қырғызстанда 2025-2026 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 2026 жылдың 25 мамырында аяқталады. Оқушылар 26 мамырдан бастап жазғы демалысқа шығып, 31 тамызға дейін тынығады. Жаңа оқу жылына қатысты негізгі мерзімдер де белгіленді. Күзгі каникул 2025 жылғы 5-9 қараша аралығында өтсе, қысқы демалыс 31 желтоқсаннан басталып, 2026 жылдың 11 қаңтарына дейін созылады. Көктемгі каникул 6-8 наурыз күндері, ал мамыр айындағы ұзақ демалыс 1-10 мамыр аралығында болады. Сонымен қатар, ерекше жағдайлар да қарастырылған. Алты жасар бірінші сынып оқушылары үшін қосымша демалыс кезеңі белгіленіп, олар 2025 жылдың 24 желтоқсанынан 2026 жылдың 18 қаңтарына дейін мектепке бармайды. Ал 2-сынып оқушылары үшін үшінші тоқсандағы демалыс тағы бір аптаға ұзартылатын болды.

Айта кетейік, 2025-2026 жаңа оқу жылынан бастап Қырғызстанда мектеп білім беру жүйесі 12 жылдыққа көшіріледі. Бұл реформа бірден барлық сыныптарға енгізілмей, кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Украинада 2025-2026 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 2026 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады. Дегенмен әрбір мектеп оқу үдерісін жоспарлауда белгілі бір деңгейде автономияға ие болғандықтан, демалыс күндерінің нақты мерзімі тіпті бір қаланың ішінде де әртүрлі болуы мүмкін. Алдын ала жоспарланған каникул кестесі мынадай: күзгі демалыс – 2025 жылғы 27 қазаннан 2 қарашаға дейін, қысқы демалыс – 2025 жылғы 27 желтоқсаннан 2026 жылғы 11 қаңтарға дейін, көктемгі демалыс – 2026 жылғы 23-тен 29 наурызға дейін, жазғы демалыс – 2026 жылғы 1 маусымнан басталады. Соңғы шешімді әр мектептің педагогикалық кеңесі қабылдайды, онда оқу жүктемесі, қауіпсіздік жағдайы мен оқушылардың қажеттіліктері ескеріледі.

АҚШ-тағы мектептерде оқу жылы дәстүрлі түрде тамыз айының соңында немесе қыркүйектің басында басталып, маусым айының соңында аяқталады. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жаздың алғашқы айларында басталады: маусым-шілде айларында ата-аналар мен оқушыларға оқу орындарынан ақпараттық хаттар жіберіледі. Онда оқу басталғанға дейін орындалуы тиіс тапсырмалар мен қажетті құжаттарды тапсыру мерзімдері көрсетіледі. Бұл тәжірибе оқу процесінің жүйелі өтуіне жағдай жасайды.

Жақында Нью-Йорк қаласының Білім департаменті 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік мектептердің күнтізбелік жоспарын жариялады. Ресми дерекке сәйкес, жаңа оқу жылы 2025 жылдың 4 қыркүйегінде басталып, 2026 жылдың 26 маусымында аяқталады.

Жыл бойына мемлекеттік және діни мерекелерге орай мектептердің жұмысында үзілістер болады. Атап айтқанда, Рош ха-Шана мерекесінде (23-24 қыркүйек), Йом-Кипур күні (2 қазан) және Ардагерлер күнінде (11 қараша) сабақтар өткізілмейді. Сонымен қатар қысқы каникул 24 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында, көктемгі демалыс 2-10 сәуір күндері белгіленген. Осылайша, оқу жылының кестесі білім беру процесін мерекелік кезеңдермен тиімді үйлестіруге бағытталған.

Жапонияда оқу жылы дәстүрлі түрде сәуір айында басталып, келесі жылдың наурыз айында аяқталады. 2025-2026 оқу жылында жапон оқушылары сабаққа 2026 жылдың сәуірінде, қысқы және көктемгі демалыстан кейін оралады.

Елдегі оқу процесі үш семестрге бөлінген. Бірінші семестр сәуірден шілденің соңына дейін жалғасады, содан кейін шамамен бір айлық жазғы демалыс басталады. Екінші семестр тамыздың соңынан желтоқсанның соңына дейін өтеді. Бұл кезеңді оқушылар екі аптаға созылатын қысқы каникулмен аяқтайды. Үшінші семестр қаңтардың басынан наурыздың ортасы немесе соңына дейін жалғасады, ал оқу жылы көктемгі бір апталық демалыспен түйінделеді.

Оңтүстік Кореяда оқу жылы дәстүрлі түрде көктемде басталады. 2025-2026 оқу жылының алғашқы семестрі 2025 жылдың наурыз айында басталып, шілденің ортасына дейін жалғасты. Осыдан кейін оқушыларға шілде-тамыз айларына арналған жазғы демалыс берілді.

Екінші семестр тамыздың соңында немесе қыркүйектің басында басталып, келесі жылдың ақпанына дейін жалғасады. Бұл кезеңде желтоқсан мен ақпанда қысқы каникул қарастырылған.

Осылайша, Оңтүстік Кореядағы оқу жылының ерекшелігі – көптеген елдерден өзгеше, көктемде басталуы. Қазіргі таңда елде 2025-2026 оқу жылының екінші семестрі жүріп жатыр, ол тамыздың соңында басталған еді.

Венгрияда 2025–2026 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 2026 жылдың 19 маусымында аяқталады.

Мектептер үшін бекітілген негізгі мерзімдер мынадай:

  • оқу жылының басталуы – 2025 жылғы 1 қыркүйек;
  • күзгі каникул – 23 қазан 2025 жыл;
  • қысқы демалыс – 20 желтоқсан 2025 жыл;
  • көктемгі каникул – 2 сәуір 2025 жыл;
  • оқу жылының аяқталуы – 2026 жылғы 19 маусым.

Венгрияда оқу жылы дәстүрлі түрде қыркүйек айында басталып, жаздың алғашқы айында аяқталады.

Ирландияда 2025-2026 оқу жылы дәстүр бойынша қыркүйек айының алғашқы аптасында басталып, 2026 жылдың маусым айына дейін жалғасады. Дегенмен нақты басталу күні әрбір мектептің ішкі кестесіне қарай сәл өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар мен оқушыларға оқу жылының басталу мерзімін өздері таңдаған білім беру ұйымынан нақтылап алғаны жөн.

Польшада 2025–2026 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 2026 жылдың маусым айының соңғы жұмасында аяқталады. Бұл елде оқу жылының аяқталуы дәстүрлі түрде маусымның соңғы аптасына сәйкес келеді.

Негізгі мерзімдер мынадай:

  • оқу жылының басталуы – 2025 жылғы 1 қыркүйек;
  • аяқталуы – 2026 жылғы маусымның соңғы жұмасы;
  • демалыс күндері мен каникулдар – елдің аймақтық күнтізбесіне сәйкес белгіленеді.

Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Польша мектептерінде екі жаңа пән енгізіледі. Олар – азаматтық білім және санитарлық ағарту. Жаңа пәндер оқушылардың қоғамдағы рөлін жақсы түсінуіне және денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыруына бағытталған.

Бельгияда оқу жылы дәстүрлі түрде қыркүйек айында басталып, маусым айының соңына дейін жалғасады. Кейбір деректерде жаңа оқу жылы 26 тамыздан басталады деп көрсетілгенімен, жалпы қабылданған мерзім – қыркүйек айының басы.

Оқушылар жыл бойына бірнеше демалыс кезеңіне шығады: күзгі, қысқы және көктемгі каникулдар, сондай-ақ екі айға созылатын жазғы демалыс қарастырылған.

Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылынан бастап елдегі бастауыш және орта мектептерде жаңа тәртіп күшіне енеді. Бельгия билігі оқу процесінің сапасын арттыру және балалардың назарын сабаққа толық аудару мақсатында ұялы телефондар мен өзге де электронды құрылғыларды пайдалануға ұлттық деңгейде тыйым енгізуді жоспарлап отыр.

Швецияда оқу жылы тамыз айының соңында басталып, маусым айының басына дейін жалғасады. Білім беру процесі екі негізгі семестрге бөлінеді: күзгі семестр тамыздың соңынан қаңтардың ортасына дейін, ал көктемгі семестр қаңтардың ортасынан маусымның басына дейін өтеді. Жыл бойына оқушыларға бірнеше демалыс кезеңі қарастырылған. Оған қазан айындағы күзгі үзіліс, желтоқсанның соңындағы Рождестволық каникул, ақпандағы қысқы демалыс және Пасха мерекесіне орай көктемгі үзіліс жатады.

Израильде 2025-2026 оқу жылы 2025 жылдың 1 қыркүйегінде басталады. Елдің білім беру жүйесі дәстүрлі түрде еврей күнтізбесіне негізделгендіктен, демалыс күндері мен мерекелік үзілістердің мерзімі григориан күнтізбесі бойынша нақты белгіленбейді. Каникулдар мен мерекелер Рош ха-Шана, Йом-Кипур, Суккот және Песах сияқты діни даталарға сәйкес келеді.

Оқу жылының ұзақтығы білім беру деңгейіне қарай өзгеше: бастауыш мектептерде сабақтар маусым айының соңына дейін жалғасса, орта және жоғары сыныптарда оқу процесі маусымның ортасында аяқталады.

Германияда оқу жылының бірыңғай басталу күні жоқ. Әрбір федералдық жер өз білім беру күнтізбесін дербес белгілейді. 2025-2026 оқу жылы әдетте тамыз немесе қыркүйек айында басталады, алайда нақты мерзім аймаққа байланысты өзгереді. Мысалы, Баварияда сабақтар дәстүрлі түрде тамыздың соңғы аптасында басталса, басқа өңірлерде оқу жылының басталуы қыркүйек айының басына сәйкес келеді. Сондықтан ата-аналар мен оқушыларға оқу жылының нақты басталу уақытын білу үшін мектеп орналасқан федералдық штаттың ресми каникулдар кестесіне жүгінген жөн.

Англияда мектептерде оқу жылы дәстүрлі түрде қыркүйек айының басында басталады. Нақты басталу күні жергілікті білім беру органдарының саясатына және әрбір мектептің ішкі кестесіне байланысты өзгеруі мүмкін. Дегенмен елдегі білім беру ұйымдарының басым бөлігі жаңа оқу жылын қыркүйектің алғашқы аптасына жоспарлайды.

Италияда 2025-2026 оқу жылының басталу уақыты өңірлерге байланысты белгіленеді. Көптеген аймақтарда сабақтар 10-15 қыркүйек аралығында басталады. Мысалы, Больцано автономиялық провинциясында оқушылар жаңа оқу жылын 8 қыркүйекте бастаса, Пьемонт, Тренто, Валле-д’Аоста және Венето өңірлерінде сабақтар 10 қыркүйекке жоспарланған. Фриули-Венеция-Джулияда оқу жылы 11 қыркүйекте, ал Лацио мен Сицилияда – 15 қыркүйекте басталады. Апулия аймағында оқушылар мектепке 16 қыркүйекте барады.

Түркияның Білім министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, 2025 жылы 1 қыркүйек күні мұғалімдер үшін дайындық жұмыстары басталады. Ал 1-5 қыркүйек аралығында мектепке дейінгі сыныптарға және бірінші сыныпқа қабылданған балаларға бейімделу аптасы өтеді.

Негізгі оқу процесі 8 қыркүйекте, дүйсенбі күні басталып, екі семестрге бөлінеді. Бірінші семестр 2026 жылдың 16 қаңтарында аяқталады, ал қысқы каникул 19-30 қаңтар аралығында белгіленген. Екінші семестр 2 ақпанда басталып, 26 маусымда, жұма күні ресми түрде аяқталады.

Жыл ішінде оқушыларға қосымша демалыстар қарастырылған. Атап айтқанда, күзгі каникул 10-14 қараша аралығында, ал көктемгі үзіліс 16-20 наурыз аралығында өтеді.

Норвегияда 2025-2026 оқу жылы дәстүрлі түрде тамыз айының ортасында басталады. Дегенмен нақты мерзімі өзгеруі мүмкін. Сондықтан ата-аналарға оқу жылының басталу уақытын жергілікті білім беру басқармаларынан нақтылап алған жөн.

Елдің білім беру жүйесінің ерекшеліктерінің бірі – Норвегияға оқу жылы барысында келген балалар мен жасөспірімдер мектепке мүмкіндігінше қысқа мерзімде қабылданады. Бұл шара олардың оқу процесінен тыс қалмауына және білім алу құқығының толық сақталуына мүмкіндік береді.

Үндістанда 2025–2026 оқу жылы наурыздың ортасында немесе сәуір айының басында басталады. Бұл кезең екі айлық жазғы каникулдан (мамыр-маусым) кейін жаңа оқу жылының басталуымен тұспа-тұс келеді. Алғашқы оқу күні «правешанотсавам» – «мектепке қабылдау күні» деп аталады. Бұл күні балаларға мектеп сөмкелері, әуе шарлары, тәттілер және жаңа оқулықтар сыйға беріледі. Жаңа оқу жылы жауын-шашын маусымымен сәйкес келетіндіктен, оқушыларға әдетте түрлі-түсті қолшатырлар да тарту етіледі.

Қытайда оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, әдетте шілденің басында аяқталады. Сонымен қатар, қысқы каникул қарастырылған, ол Қытай Жаңа жылымен байланысты және әдетте желтоқсанның соңынан ақпанның басына дейін созылады.

Фото: Ел.кз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *