Қызылордада бұрын болмаған «Rixos» қонақ үйінің құрылысы жүруде
Жаңа ғимараттың салынуы жайлы хабар облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс нысандарын аралау кезінде пайда болды. Аймақ басшысы құқық қорғау органдары, жауапты сала мен ірі құрылыс мекемелері басшылары және зиялы қауым өкілдерімен бірге Президент саябағындағы нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысқан болатын, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты .
Бүгінде аталған саябақтағы жұмыс қарқыны, іске асырылатын жобалардың ауқымы бұл аумақтың қаланың ең көрікті орындарының біріне айналатынын аңғартады. Мұнда алдымен аймақ басшысы бастаған топ инвестор қаражатына бой көтерген «Rixos» қонақ үйінің құрылыс алаңына барды. Мамыр айында басталған жұмысты «Altyn Gimarat» ЖШС жүргізуде. Бес жұлдызды қонақ үйде 150 нөмір, мейрамхана, саябақ аймағы, автотұрақ болады.
Қонақ үй қасында тоғыз қабатты 15 тұрғын үй салынуда. Бас мердігер «Мелиоратор» ЖШС. Әр үйде 63 пәтерден, жалпы 945 пәтер болады.
Президент саябағы да қайта жаңғыртудан өтуде. Мұнда бас мердігер «Bi Global» ЖШС жоба бойынша 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт алаңы, 4 workout аймағы, 7 демалыс аймағы, 4 фудкорт, теннис үстелдері, айналмалы дөңгелек атракцион, тамақтану ғимараттары, би алаңы, стритбол, вело, жүгіру жолақтары, сахна, саябақ ішіндегі сарқырама каналдары, канал үстінен көпірлер, шахмат, баскетбол, футбол алаңдары, арқан саябағы, модульдік- санитарлық ғимарат орналастырады.
Сонымен қатар, саябақта жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы, яғни қысқы бақ салынуда. «Alem Qurylys AQ» ЖШС лагерде спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, 4 тұрғын аумақ, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимарат, 5 дәстүрлі үлгідегі киіз үй, ашық бассейн, стадион, футбол алаңын, сахна және басқа да демалыс орындарын салады.
Президент саябағы мен «Астана» шағын ауданын байланыстыру үшін Сырдария өзені үстінен жаяу жүргіншілер көпірі түседі.
Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген уақытта аяқтау керек екенін айтты.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі