Қызылордада бұқаралық спортпен айналысушылар саны 40,4 пайызды құрады
Облыста бұқаралық спортты одан әрі дамыту аясында осы жылдың І жарты жылдығында облыс көлемінде 491 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 98 мыңнан астам адам белсенді қатысқан. Жыл соңына дейін ауқымды спорттық шаралар тізімі бекітіліп, маңызды жарыстардың күнтізбесі де енгізілді.
Облыста жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу мақсатында басқармаға қарасты 33 спорт мекемесі жұмыс істейді. Оның 21 – балалар-жасөспірімдер мектебі, 1 – мектеп-интернат-колледжі, 2 – жоғары спорт шеберлігі мектебі, 1 – олимпиадалық резерв даярлау орталығы, 8 – спорт клубы бар. Сәйкесінше спорт мектептерінде 48 спорт түрінен 670 жаттықтырушы-оқытушы 22 655 спортшыны кәсіби бағытта тәрбиелеуде. Жалпы спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама командасына Қызылорда облысынан 585 спортшы енгізілген. Спорт саласына көрсетілген осы қолдаулардың арқасында Сыр спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 118 алтын, 103 күміс, 151 қола медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 36 алтын, 22 күміс, 42 қола еншіледі.
Осы ретте, аймақтың спорт саласын дамытуда жүйелі реформаларды сәтті жүзеге асыру маңызды бағыттардың бірі. Осыған орай, биылдан бастап мемлекеттен бөлінген қаржының басым бөлігі олимпиадалық спорт түрлеріне жұмсалатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.
Фото: ortcom.kz