Жас сарбаздар Отан алдындағы борышын шекара қызметінде өтейді
Қостанай қаласында ел қорғаны болуға ант берген жас сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу іс-шарасы өтті. Достық үйінде ұйымдастырылған бұл рәсімге ата-аналар, туыстар мен достар, сондай-ақ, ардагерлер мен облыс әкімдігінен арнайы өкілдері жиналды.
Бұл күні 15 жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеу үшін шекара қызметіне аттанды. Сахна төрінде жігіттердің жүректерін елге, жерге деген адалдық сезімі кернесе, оларды қолдап келген ата-аналардың көзінен сағыныш пен мақтаныш ұшқыны байқалды.
Салтанатты жиында Департамент бастығының орынбасары, полковник Мадияр Бахытұлы Өтелбаев сөз сөйлеп, жас сарбаздардың алдындағы жауапты міндеттің мән-маңызына тоқталды.
– Сіздер – мемлекетіміздің шекарасын күзетіп, ел тыныштығын қамтамасыз ететін Тәуелсіз Қазақстанның сенімді қорғаушыларысыздар. Әскер қатарында адал қызмет етіп, антыңызға берік болуларыңызды тілеймін, – деді ол.
Ардагерлер де жас сарбаздарға ақ баталарын беріп, аман-есен оралуға тілектерін білдірді. Жас сарбаздардың бірі, Арқалық қаласынан келген Нұрсұлтан Жарасханұлы Құлмұратов ерекше толқыныс үстінде өз ойымен бөлісті.
– Бұл сәт мен үшін үлкен сынақ әрі абыройлы міндет. Ел шекарасын күзету – әрбір азаматтың парызы. Отбасымның, достарымның үмітін ақтап, Отанға адал қызмет етуге ант етемін, – деді.
Іс-шара соңында жиналғандар сарбаздарды вокзалға шығарып салды. Қоштасу сәтінде ата-аналар мен бауырлар көз жасын тыя алмай, перзенттеріне қол бұлғап, ақ жол тіледі. Әскерге аттанған жігіттердің барлығы әскери тәртіпке сай дайындалып, жігері мен қайратын айқын танытты. Бүгінгі жас сарбаздар – ел қорғаны екендіктерін көрсетті.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Қостанай қаласы