Қостанайда 16 мыңнан астам адам жұмыссыз жүр
«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» қанаты жанындағы облыстық кеңестің кезекті отырысында ҚР Президентінің Жолдауы жан-жақты талқыланды.
Жолдауда айтылған маңызды бағыттың бірі – білікті маман даярлау, елжанды азамат қалыптастыру және адами капиталды жетілдіру еді. Бұл ретте жастардың еңбекке араласуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Жауапты мамандардың айтуынша, Қостанай өңірінде осы бағытта ауқымды істер атқарылуда.
— Биыл облыс бойынша 16 408 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде 3 066 адам яғни 18,6 пайызы – жастар. Оларды еңбекпен қамту үшін тұрақты жұмыс орындарымен қатар, түрлі қолдау тетіктері іске асты. Атап айтсақ, «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Жастар практикасы» жобалары жүзеге асырылып жатыр, — деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Динара Қарымсақова.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қатысты мәселені үнемі назарда ұстап келеді. Жуырда жарияланған Жолдауда кейінгі буынға қолдау көрсету, оларды жұмыспен қамту және құқықтық тәрбие берудің маңызы айрықша аталды. Осыған орай жиын барысында тұрақты еңбекпен қамту тетіктері және «Заң мен тәртіп» жобасы аясында тәрбиелік бағыттағы мәселелер қаралды. Өзекті мәселенің бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу.
— Жыл басынан бері есептесек, 20 жасқа дейінгілердің санатына жататын 100 адамның қылмысқа қатысы болды. Олардың басым бөлігі — мүліктік ұрлық жасағандар. Сонымен қатар, есірткі қылмыстарына байланысты ЖОО студенті және орта мектеп оқушысы жауапқа тартылды. Сол себеті жастарға түсіндіру жұмыстарын жиі өткізіп келеміз, — деді облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі Бекзат Жаңбыршинов.
Жастарды қолдау жөніндегі облыстық кеңес – өңір жастарының өзекті мәселелерін талқылап, шешімін табуға жол ашады деді мамандар. Олар мұндай бас қосу жастар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жаңа бастамаларға серпін беретініне сенімді.
Б. МЕЙРАМҰЛЫ,
Қостанай қаласы