ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ
Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі бекіткен кестеге сәйкес тұрғындарға жеке қабылдау өткізді. «AMANAT» партиясының қалалық филиалы ғимаратында өткен жеке қабылдауға филиал төрағасы, қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев және қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары қатысты.
“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидасына негізделген қабылдауда 40-қа жуық азаматтың өтініші қаралды. Көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар жандар және жұмыссыз жүрген азаматтар мәселелерін жеткізді. Басым бөлігі — тұрғын үй алу, жол, көше жарығы және жер кезегі туралы сауалдарын жолдады.
Шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы көтерілген мәселелерге жауап беріп, шешу жолдарын қарастыруды жауапты басшыларға тапсырды. Ал, қалалық мәслихат төрағасы мен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары қабылдауға келген азаматтарға заң аясында түсіндірме жасады.