Қызылорда облысы Қазалы ауданында әкім сайлауы өтіп жатыр, — деп хабарлайды fastnews.kz ақпараттық сайты. 

Қазалы ауданында бүгін саяси науқан – аудан әкімін сайлау басталды. Таңғы сағат 07:00-де барлық 40 сайлау учаскесі ашылып, жұмысын бастады. Сайлау процесіне 266 комиссия мүшесі жұмылдырылған. Ал ауданда 47 219 сайлаушы бар.

Бұл сайлау ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңының 113-1-бабы, 1-тармағы, 2 тармақшасына сәйкес, бұрынғы әкімнің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтауына байланысты өткізіліп отыр.

Аудан бойынша 5 кандидат тіркеліп, бюллетеньге енгізілген. Оның төртеуі – өзін-өзі ұсынғандар, ал біреуі – саяси партия атынан ұсынылған.

Сайлаушылардың белсенділігі де байқалуда. Өз таңдауын жасаған тұрғындардың бірі – теміржолшы Жазира Өтепова.

«Әрбір тұрғынының дауысы маңызды. Жексенбі күні де біздер қызмет арасында жүріп, дауыс бердік. Себебі ауданның болашағы өзіміз үшін керек. Сондықтан бір топ теміржолшылар болып бюллетень алып, өз таңдауымызды жасадық. Дауыс беру – жауапты сәт, ал үлес қосу – азаматтық іс», – дейді ол.

Қазалы жұртшылығы үшін бүгінгі күн – ерекше әрі саяси маңызы бар айрықша күн болып отыр. Айтайық, дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Ал науқан нәтижесінде көп дауыс жинаған кандидат аудан әкімі қызметіне 4 жыл мерзімге сайланады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз» деген болатын.

Осыған сәйкес, ел Президентінің бастамасымен, 2023 жылдың 5 қарашасында елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін пилоттық режимде сайлау өткізілген болатын. Соның ішінде біздің өңірімізде бұған дейін пилоттық негізде Сырдария және Шиелі аудандарының әкімі сайланған болатын.

/ Суреттер ашық дереккөзінен алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *