Көк паспорт көңілге сенім ұялатады
Бір жылдары Түрікменстанға бардық. Ел астанасы Ашхабадқа табанымыз тиді. Тікелей рейстің жоқтығынан, алдымен Араб Әмірлігіне аяқ бастық. Қайтарда да Анадолы даласына аялдап, елге оралдық. Қысқасы, үш мемлекеттің шекарасын бастық. Бұл менің көк паспортты қолға алып, шетелге шыққан алғашқы сапарым еді.
Бірінші жорытуым болғандықтан, толқығаным рас. Дегенмен, олым бекер екен. Қазақстандық қою көк құжатты көргенде шетелдіктер жадырай сала береді. Төлқұжатымыз теңдіктің, бейбіт халық екеніміздің белгісі іспеттес. «I am Kazakh, and I am Kazakhstani», – дегеннен зор сеніммен қарап, қайда барсақ та қонақжайлықпен қарсы алды. Одан кейінгі сапарларда да солай. Көк қағазды мақтанышпен көрсетіп, қазақстандық екеніңді қуанышпен айтасың.
Енді сол төлқұжатымызға түзетулер енгізілмек. Анығын айтсақ, дизайнында аз-кем өзгертулер жасалады. Бұл жайлы Мемлекеттік кеңесші Karin Erlan Ерлан Қарин мәлімдеді. «Қазақстанның бірегей ерекшеліктерін, ұлттық болмысын, мәдени әралуандығы мен елдің көрікті жерлерін бейнелейтін жаңа паспорт дизайнының тұжырымдамасы әзірленді. Жаңа дизайн жақын арада таныстырылады», – деді ол. Ілкімді іске «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықты мамандар жұмылған екен.
Ең алдымен, бұл жалған құжат жасайтындардың жолын кеседі. Қолдан жасауға қарсы жаңа қорғаныс элементтері пайда болады. Цифрлық үлгі де өзгертіледі. Халықаралық стандарттар мен заманауи үрдістер ескеріледі. Әрі жаңарады, жаңғыртылады. Айтайық, қазіргі қолданыстағы төлқұжат 17 жыл бұрын, 2009 жылы айналымға енген еді.
Дейтұрғанмен, қазіргі құжатты жаппай жаңа үлгіге ауыстыру керек деуге болмайды. Қолыңыздағы төлқұжаттың мерзімі түгесілгенде жаңасын аласыз.
Қош, төлқұжат – құр қағаз емес. Бұл – елдіктің, егемендіктің белгісі. Сенімділіктің символы. Қауіпсіздігіңіздің кепілі.

фото ашық дереккөзден алынды