Өңірлік даму кеңесінің отырысы өтті
«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Жиында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудағы міндеттер туралы, партияның 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасында қамтылған облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, сонымен қатар сайлау уақытында сайлаушылардан түскен ұсыныстардың орындалу барысы талқыланды.
Кеңес отырысына партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, аймақтық кеңес төрағасы Қожахмет Ілиясов және жауапты сала өкілдері мен кеңес мүшелері қатысты.
Жиында Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер төңірегінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институты директоры экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Құлмырзаев атап өтті. Ол Байқоңырдан басталған технологиялық дәстүрді жалғастыру – біздің ортақ борышымыз екенін тілге тиек етіп, облыста осы бағытта қолға алынған жасанды интеллект институты жұмысына тоқталды.
«Бүгінде Қызылорда жастары VR/AR, Big Data, цифрлық егіздер бағытында жобалар жасап жүр. Біз Кореяның SeoulTech университетімен серіктестік орнаттық, жақында үш сервер әкелінді, сол арқылы зертханалар мен киберполигондар ашылып жатыр. Бұл – Кызылорданы Президент тапсырмасын тәжірибеде жүзеге асыратын алғашқы өңірлердің біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Біз үшін ең бастысы – деректердің қауіпсіздігі, этикалық нормаларды сақтау және сандық теңсіздікті азайту. Бұл бағытта заң шығарушы орган, бизнес және университеттер бірлесе жұмыс істеуі қажет. Депутаттар заңнамалық негіз қалыптастырып, қаржыландыруға ықпал етсе, бизнес жаңа стартаптар құрып, экономиканы дамытады. Ал университеттер сапалы кадр дайындап, ғылымды ілгерілетеді», — дейді Нұрлан Құлмырзаев.
Сайлауалды бағдарламадағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға келсек, облыстық энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Измагамбетов: өңірде 4 қала және 222 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 8 ауылдық елді мекен болатын. Бұл жұмыстар бойынша арнайы жол картасы әзірленіп жұмыс жасалуда. Жыл соңына дейін Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасын толық орындау жоспарланған,- дейді.
Күн тәртібіндегі сайлаушылардан түскен ұсыныстардың орындалуы бойынша партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі Қанат Ақылбеков хабарлама жасады.
Қанат Ақылбековтың айтуынша ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанының Үгіт кезеңінде кандидаттармен «Халық айтсын» акциялары мен тұрғындарды жеке мәселелеріне сәйкес облыс бойынша өткізілген 213 қабылдауға 935 адам келіп, 1223 ұсыныс жинақталған. 91 ұсыныс ҚР Парламент Мәжілісіне ұсыну үшін Республикалық қоғамдық қабылдау кабинетіне ұсынылған. Қалған 1132 ұсыныстың бүгінгі күнге 97,4 пайызы оң шешілген. 29 ұсыныс бойынша жұмыс жасалуда.
Жиында күн тәртібіне ұсынылған мәселелер кеңес мүшелерімен кеңінен талқыланып, аталған салалардағы жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстар ортаға салынып, жиынның хаттамасына енгізілді.